Қосшыда қалыңдық тойға дайындық кезінде 1,5 млн теңгемен “жоғалып” кетті
Қосшы қаласында жас жігіт үйленуге дайындық кезінде қалыңдыққа жұмсаған 1,5 млн теңгеден айырылған. Жігіттің болашақ қалыңдығы бірнеше ай бойы бірге тұрған соң аяқасты қарым-қатынасты тоқтатып, қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермей кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кейін оның бұрын тұрмыс құрғаны және үш баласы бар екені белгілі болды. Қазіргі кезде полиция қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Үйлену тойына дайындық кезінде жағымсыз оқиғаға тап болған 28 жастағы жігіт полицияға арыз жазған. Ер адам үйлену тойына дайындыққа және қалың малға деген 1,5 млн теңге сомасындағы қаражатты онымен бірге тұратын қыз алаятық жолмен иемденіп кеткенін хабарлаған.
Тергеу іс-шаралары барысында арызданушы 2025 жылдың тамызында қызбен әлеуметтік желілер арқылы танысқаны анықталды. Жаңа танысы өзін Шымкент қаласының тумасы ретінде таныстырып, оның отбасы сол жерде тұратынын айтқан. Бірнеше кездесуден кейін қыз бен жігіт бірге тұрамыз деп шешіп, елордадан пәтер жалдаған. Ештеңеден күдігі болмаған ер адам қызды ата-анасымен таныстырған, ал қыз өз кезегінде жігітті туыстарымен таныстыруға еш асықпаған, алайда жігіт бұған мән бермеген, - деп хабарлады Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі.
Полицияның хабарлауынша, бір жарым ай бірге тұрған соң қыз жігітке жүктілік туралы хабарлаған. Қуанышты хабарды естіген жігіт қарым-қатынасты заңдастыру және үйлену тойына дайындықты бастап кеткен. Ақша үнемдеу мақсатында қыз бен жігіт Астанадан Косшы қаласына көшіп, пәтер жалдап тұрған.
Шағымданушының айтуынша, оның ата-анасы болашақ ерлі-зайыптыларға өз пәтерлерін сатып алуға көмек ретінде 950 000 теңге берген, сондай-ақ болашақ келіні үшін 600 000 теңгеден астам сомаға алтын әшекейлер сатып алған. Алайда одан кейін қыз байланысқа шығуды тоқтатып, қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеген. Кейін оның бұрын тұрмыс құрғаны және үш баласы бар екені анықталды. Алдаудың құрбаны болғанын түсінген ер адам полицияға арызбен жүгінді, - делінген полиция хабарламасында.
Осы фактіге қатысты алаяқтық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Еске салайық, бұған дейін Астанада сауда үйінде жалған промокодтар арқылы алаяқтық жасағандар ұсталғаны хабарланды.