"Қошқар-ата" рекультивация жұмыстары жалғасып жатыр
«Қошқар ата» қоймасының қаупі туралы 30 жылдан бері айтылып келеді. Әлсіз радиоактивті қалдықтар топырақ бетінде орналасуына байланысты айналасындағы 3 елді мекенге қауіп төніп тұр, деп хабарлайды Маңғыстау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Экологиялық аймақта шамамен 372 мың адам тұрады. "Қошқар ата" қоймасының жалпы аумағы 77 шаршы шақырым. Оның 90 пайызы қалдық.
Жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан "Қошқар ата" қалдықтар қоймасын залалсыздандыру жұмыстары өткен жылы басталды. Кезең-кезеңімен жүретін жұмыстардың алғашқысына 1 млрд теңге бөлініп 266,2 га жерге 819,3 мың м3 топырақ төселді. Ал биыл 905 га жерді рекультивациялауға 3 млрд теңге бөлінген еді. Әзірге жоспарланған аумақтың 160 га-на топырақ төселді.
Маңғыстау облысының әкімдігімен осы жыллың 28 ақпанында «Қошқар-ата» қалдық қоймасын қайта қалпына келтіру I кезең жобасына түзету енгізу бойынша техникалық жиналыс өткізіліп, хаттамасы жасақталды. Жұмыстарды мерзімінде орындау мақсатында мердігер сметалық құнын өзгертпей, қалдық қоймасынан 2,5 шақырым жерде орналасқан карьерден топырақты тасымалдауға көшті, – деді басқарма басшысы Дүйсен Құсбеков.
Қалпына келтірілетін жер алдымен тегістеледі. Содан соң биіктігі 30 см топырақ төселеді. Осылайша көлдің 4200 гектар аумағын залалсыздандыру жоспарланған. Өткен жылы басталған рекультивация жұмыстары жоспар бойынша үш жылда аяқталуы керек. Ал төселген құмның сақталуы үшін сексеуіл егу жұмыстары да жалғаса бермек.