Қошанов Ұлттық құрылтайда айтылған жаңалық халыққа ұнағанын айтты
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президенттің жол салуға қатысты тапсырмасы жұршылыққа ұнағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, Ұлттық құрылтайдың әр отырысында Мемлекет басшысы ел дамуының маңызды кезеңдерін қорытындылап, алдағы міндеттерді айқындауды игі дәстүрге айналдырды.
Президенттің көтеретін мәселелері – тек мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық жоспарлар ғана емес, әр азаматтың, әр отбасының өміріне тікелей әсер ететін нақты шаралар.
Сондықтан да халық бұл жиынды ерекше ықыласпен күтетіні бекер емес. Осы жолы да Президент аса маңызды, өткір мәселелерге тоқталып, мақсат-міндеттерді айқындап берді. Мәселен, Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз күре жолын салуды тапсырды. Оған қоса, Арқалықтағы әуежай қалпына келтіріліп, жаңа аэровокзалдың құрылысы басталады. Жұртшылық бұл жаңалықтарды ерекше ықыласпен қабылдап жатқанын көріп отырмыз, - деді Мәжіліс төрағасы.
Қошановқа отырыстың алдында депутат Берік Бейсенғалиев келіп кеткен. Сөзінше, депутатқа Торғай, Арқалық өңірінің мыңдаған тұрғыны хабарласып, Мемлекет басшысына ризашылығын жеткізуді сұрап жатыр.
Бұдан бөлек, құрылтайда цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік транзиті, атом энергетикасы, агроөнеркәсіптік секторға баса мән берілді.Сондай-ақ Мемлекет басшысы адам капиталы орнықты дамудың негізгі факторы болып қала беретінін қадап айтты.