Қошанов сұраққа қазақ тілінде жауап бермеген басшыға ескерту жасады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында палата басшысы Ерлан Қошанов Қаржы мониторингі агенттігінің өкіліне қазақша сұраққа қазақ тілінде жауап бермегені үшін ескерту жасады.
Депутат Аманғали Бердалин Қаржы мониторингі агенттігінің өкіліне сұрақ қойды.
Қаралып отырған заң жобасында «Астана халықаралық қаржы» орталығының қатысушыларының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнаманы және «Астана халықаралық қаржы» орталығы ішкі актілерінің сақталуына бақылауды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктерін көздеу ұсынылады. Орталық қатысушылары 2020 жылы «қаржы мониторингі субъектілері» деп танылды. Осы уақытқа дейін бақылау қалай жүзеге асырылып келді? – деп сұрады депутат Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Ғабит Садырбековтен.
Агенттік төрағасы депутат көтерген мәселенің рас екенін мойындап, депутаттың қазақ тілінде қойған сұрағына жауапты орыс тілінде берді.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов агенттік өкіліне ескерту жасап, сұрақ қай тілде қойылса, жауап та сол тілде болуы керегін айтты.
Ғабит Амангелдіұлы, сіздің ана тілімізді еркін меңгергеніңізді байқап отырмыз. Қойылған сұрақтар да қиын емес. Оған еркін жауап беріп отырсыз. Сондықтан сізге айтатыным, болашақта депутат сұрақты қай тілде қойса, сол тілде жауап беруге тырысыңыз, - деп ескерту жасады Қошанов.