Қошанов: Қазақстанға 1 трлн теңге қайтарылды
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өздеріңіз білесіздер, биыл Мәжіліс көп жұмыс атқарды. Өткен жыл Қазақстан Парламентінің нағыз жаңару кезеңі болды.Көктемгі сайлау қорытындысы бойынша депутаттар құрамы айтарлықтай жаңарды. Мәжіліске алты саяси партия мен бірмандатты округтерден сайланған депутаттар келді. Бүгінде Мәжіліс түрлі көзқарас пен саяси пікірлер тоғысқан алаңға айналды, - деді Мәжіліс спикері.
Қошановтың сөзінше, бұл Президентіміздің саяси бағдарын жүзеге асыру жолындағы айтулы қадам болды. Мұның бәрі палатаның жұмысына тың серпін берді.
Сессия басталғалы бері палатаның жұмысында барлығы 106 заң жобасы болған. 35 заң қабылданып, Сенатқа жіберілген. Ал Президент 26 заңға қол қойған.
Заң шығару жұмысында біз Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға, жыл сайынғы жолдауларында айтылған тапсырмаларын орындауға бар күш-жігерімізді салдық. Әділетті Қазақстанның негізі – сапалы әрі қоғамға қажетті заңдар. Соның бірі – заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару. Осы заңның арқасында елге 1 триллион теңге көлемінде активтер қайтарылды. Бұдан бөлек, «Ұлттық қор – балаларға» заңы қабылданды, - деп айтты Ерлан Қошанов Мәжілістің жұмысын қорытындылап.
Сонымен қатар депутаттардың бастамасымен жер қойнауы туралы заңнамаға түзетулер енгізілді. Енді жаңадан ашылған барлық ірі мұнай-газ кен орындарының 50 пайыз үлесі міндетті түрде мемлекеттің меншігінде болуы керек. Бұл заң Президенттің «Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы халыққа тиесілі» деген конституциялық бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Зиянды жұмыс жағдайларында еңбек ететін азаматтарды әлеуметтік қолдау
мәселесі шешілді. Сонымен қатар бизнеске үлкен қолдау болатын заңды жаңа ғана қабылдадық.