Қошанов министрге: Президент апатты ЖЭО-ларды өзі аралап жүр
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке өңірлерді аралауға кеңес берді, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Министр елімізде тозған, апатты жағдайда тұрған ЖЭО-лар бар екенін, оларды жөндеу бойынша жұмыс жүргізетініне тоқталғанда оның сөзін Ерлан Қошанов бөлді.
Сіз дайындалып болғанша қыс келеді. Кесте бойынша жұмыс істедік дейсіз. Сіз бізге неге кесте туралы айтасыз? Сіз қайда болдыңыз, ондағы жағдай қалай? Сұрақ нақты қойылды. Қазақстанның қандай қалаларында қауіп бар? - деді Мәжіліс спикері.
Алмасадам Сәтқалиев сұраққа нақты жауап беруге тырысты.
Семейдегі №1 ЖЭО, Павлодардағы №2 ЖЭО, Шымкенттегі №3 ЖЭО, МАЭК-Қазатомөнеркәсіп №1 ЖЭО, Қазатомөнеркәсіп №2 ЖЭО, Жезқазған, Петропавлдағы №2 ЖЭО, Риддер, Теккелі, Шахтинскдегі ЖЭО-лар бойынша қауіп бар. Осы нысандарды министрлік бақылауда ұстап отыр, - деп жауап берді Сәтқалиев Мәжілісте.
Ерлан Қошановқа министрдің жауабы ұнамады.
Мен сізді сыйлаймын. Бірақ Президент (ЖЭО-ларда – авт.) жөндеу жұмыстарының басталғаны-басталмағанына қарамастан проблемасы бар қалалардағы барлық нысанды өзі аралайды. Қазір сіз тек кестені дайындап отырсыз.., - деп айтты Мәжіліс төрағасы.