Қошанов: Біз Тоқаевты қолдау жөніндегі Коалиция құрамыз

Бұл туралы AMANAT партиясының кезектен тыс XXIV съезінде Ерлан Қошанов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өздеріңізге белгілі, бізден басқа да бірқатар партиялар мен саяси бірлестіктер Президенттікке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып отыр. Осы орайда біз сол саяси ұйымдармен бірлесіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция құру жөніндегі келісімге келдік, - деді ол AMANAT партиясының кезектен тыс XXIV съезінде.

Қошанов партия алдағы қызметте қолға алатын ұстанымдарды айтты.

Жалпы, бүгінгі съезді тарихи деп айтуға толық негіз бар. Біз партияның жаңа Саяси тұғырнамасын қабылдадық. Тұғырнаманың басты қағидасы – Адам, Қоғам және Мемлекет. Ондағы принциптер Президентіміздің саяси реформаларымен үндес әрі сабақтас, - деді спикер.

Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауына коалицияның атынан түсе алады. Әділет министрі Қанат Мусин заңда бұған шектеу жоқ екенін айтқан болатын. 

Заң бойынша бір республикалық бірлестік бір кандидатты ұсына алады. Ал коалиция деген ол саяси термин. Барлығы ұсынса, ол коалиция болып саналады, - деді Қанат Мусин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы