Бүгiн 2026, 10:40 Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қосарланған салық жойыла ма: Сенат Оманмен келісімді мақұлдады

Құжат кәсіпкерлер мен инвесторлардың бір табыстан екі елде қатар салық төлеуінің алдын алуға бағытталған.

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау» мәселесіне арналған заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Келісімге былтыр 29 мамырда Астана қаласында қол қойылған. Ал 2025 жылғы 4 қыркүйекте Оман Сұлтандығында келісім ратификацияланды.

Келісімнің негізгі мақсаты – кәсіпкерлер мен инвесторлардың бір табыстан екі елде бірдей салық төлеуінің алдын алу.

Қазіргі уақытта Қазақстан Қытай, Ұлыбритания, Канада, АҚШ, Германия секілді 55 мемлекетпен осындай келісімдер жасасқан.

Бүгінде жаһандық экономика жағдайында мемлекеттер арасындағы ашық әрі сенімді салықтық құқықтық негіз инвестиция тартуға, бизнесті дамытуға және экономикалық серіктестікті күшейтуге ықпал ететін маңызды құралдардың біріне айналып отыр.

Оман Сұлтандығымен жасалған бұл құжат та осы бағыттағы жүйелі жұмыстың жалғасы саналады. Соңғы жылдары екі мемлекет арасындағы сауда көлемі мен инвестициялық байланыс тұрақты түрде артып келеді. Соңғы он жыл ішінде Қазақстан мен Оман арасындағы тауар айналымы шамамен 27 миллион долларға жеткен. Оның 18 миллион доллары импортқа тиесілі болса, экспорт көлемі 9 миллион долларға жуық. Қазір Қазақстанда Оман капиталының қатысуымен жеті мекеме тіркелген. Оның алтауы тұрақты жұмыс істеп тұр. Ал Оманда әзірге қазақстандық кәсіпкерлердің қызметі тіркелмеген, - деп атап өтті сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.

Жалпы келісім 33 баптан тұрады.

Келісімнің 2-бабы 3-тармағына сәйкес, құжат Қазақстанда корпоративтік табыс салығына, жеке табыс салығына, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салықтарға қолданылады. Ал Оманда мүлік пен жеке табыс салығы қарастырылмағандықтан, келісім табыс салығына қатысты жүзеге асады.

Сонымен қатар келісімнің 21-бабына сәйкес, оқытушылар мен ғалымдардың сыйақысы қабылдаушы мемлекетте үш жылға дейін салықтан босатылады.

Құрылымдық тұрғыдан келісім келесі мәселелерді реттейді:

  • салық салу мақсатында резиденттікті анықтау;
  • тұрақты мекеме құру;
  • салық салуға жататын табысты бөлу (дивидендтер, пайыздар, роялти, кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс);
  • салықтық ақпарат алмасу тәртібі;
  • жеңілдіктерді шектеу туралы баптар.

Келісім инвестициялық ахуалды жақсартуға, шетелдік капитал мен технология тартуға, кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі тұрақты салықтық орта қалыптастыруға бағытталған.