Қосағаштан келген күйші бала елордадағы сайыста топ жарды
Жуырда Астанада "Euro Stars" ІІІ Халықаралық өнер байқауы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Италия мен Ұлыбританиядан келген қазылар төрелік өткен сайыста биыл Ресейдің Алтай өлкесіндегі Қосағаш ауданынан келген қандасымыз Нұрдәулет Нұрсалиев жеңімпаз деп танылды. Осы орайда біз Нұрдәулеттің әкесі - Жанайдармен сұхбаттастық.
- Алыстан ат шаптырып Алтайдан Астанаға жарысқа келіп қалыпсыз. Жеңістеріңіз құтты болсын! Жарыс туралы айта кетсеңіз.
- Біз осы конкурсқа келгіміз келіп, көп дайындалдық. Пандемия кесірінен елден шыға алмай қалдық. Оның алдында біраз жарыстарға қатысып жүргенбіз. Өскеменде болған жарысқа келдік, мәселен. Астанада болатын сайыстарға онлайн қатысып жүрдік. Биыл сәті түсіп Алтайдан келіп отырмыз. Конкурстың аты “Астана Старс” екен. Балам - Нұрдәулеттің жасы 12-де. Өзі әнші әрі күйші. Ресейдегі “Белый Пароход” деген фондтың солисті. Қазір жарысқа күйші болып қатысып отыр. Жастар сарайында жасөспірімдер арасында республикалық деңгейде керемет жарыс өтті. Сол жерде асығы алшысынан түсіп, гран-при жеңіп алды. Өте қуаныштымыз. Нағыз күйшілердің отаны болғасын біраз қобалжып келдік. Бірақ, Құдайға шүкір бағымыз жанды. Қазылар алқасында белгілі күйші, профессор Айтжан Тоқтағановтың өзі отырды. Осындай кісінің қолынан бас жүлдені жеңіп алған біз үшін үлкен мәртебе. Астанаға келгенде құшақ жая қарсы алған “Отандастар Қорының” Президенті Абзал Сапарбекұлына үлкен алғысымды айтамын. Біздің Алтайға Қосағашқа “Отандастар Қорының” атынан 10 домбыра сыйға тартты. Сол 10 домбыраның біреуімен кеше жарыста Нұрдәулет жеңімпаз атанды.
- Нұрдәулеттің қай бағытқа икемі жақсы: күйшілік пе, әлде әншілік пе?
- Әрине, күйшілікке жақын. Өйткені менің өзім күйшімін. 90-шы жылдары консерватория бітірдім. Қазіргі таңда Қосағашта домбыра мектебінде домбыра сыныбында менің жетекшілігіммен балалар оқиды. Соның бірі міне – Нұрдәулет.
- Нұрдәулет қай бағытта ән айтады?
- Халық әндері, эстрада бағытында қазақ және орыс тілдерінде ән шырқайды. Қазір ер жетіп, өтпелі кезеңге өткесін бе дауысында өзгерістер пайда болып жатыр. Сондықтан, көп ән айтып жүрген жоқ.
- Алдағы жоспарларыңыз жайлы айта кетсеңіздер?
- Бір Алла біледі. Қолымыздан келгенше жарыстарға қатысуға тырысамыз. Қосағаш деген ауылымыз Моңғолиямен шекаралас жерде,шалғайда орналасқандықтан келіп-кету қиындау. Бұйырса ертең жолға шығамыз. Айтқандай, Қосағашта 54% қазақтар тұрады. Алтай аумағында ең көп қазақтар тұратын жер. Өзіміз - Орта жүз, найман руынанбыз. Қосағашта негізінен қазақтар оның ішінде наймандар мен уақтар тұрады.
-Сұхбатыңыз үшін көп рақмет! Жолдарыңыз болсын!