Бүгiн 2026, 12:43 Фото: Ақорда

Қос палаталы Парламентте отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды – Тоқаев

Президенттің айтуынша, 30 жылдан астам уақыт ішінде Парламент 3,5 мыңға жуық заң қабылдап, елдің құқықтық және саяси жүйесінің қалыптасуына негіз қалады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында заң шығарушы органның ел тәуелсіздігін нығайтудағы тарихи рөліне тоқталды. Президенттің айтуынша, кәсіби Парламент отыз жылдан астам уақыт ішінде мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырып, Қазақстанның тұрақты дамуына елеулі үлес қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сондай-ақ Президент осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын еліміздің тұңғыш кәсіби Парламент құрылғанына тоқталды. Айтуынша, мүлде жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қосты, сондай-ақ еліміздің құқықтық негізін қалыптастыру және нарықтық экономиканы орнықтыру ісінде маңызды рөл атқарды.

Қысқаша айтсақ, отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды. Ал әрбір оныншы заңға депутаттар өздері бастамашы болды. Заң шығару жүйесінің қайнар бастауында бүкіл халқымызға және халықаралық қауымдастыққа танымал саясаткерлеріміз, көрнекті мемлекет қайраткерлері, белгілі қоғам қайраткерлері тұрды. Олардың жемісті еңбегі Парламент тарихында өшпес із қалдырды. Қажырлы қызмет халқымыздың жадында мәңгі сақталып қаларына күмән жоқ, - деді Президент.

Сонымен қоса ол Парламент әрдайым уақыт талабына тез бейімделіп, қоғам сұранысына лайықты жауап бере алатын жасампаз құрылым болғанын ерекше айтты.

Парламент мемлекетіміздің басты өкілді органы қоғамның түрлі саласындағы кәсіби мамандарды бір мақсатқа тоғыстырды. Елімізде саяси және заңнамалық тұрғыдан сапасы жоғары парламенттік мәдениет қалыптасты. Бұл – Қазақстанды дамыған ел ретінде айқындайтын ең маңызды көрсеткіштің бірі. Түптеп келгенде, Парламенттің әрбір шақырылымы Қазақстанның алға қарай нық сеніммен қадам басуына зор серпін берді, басқаша айтсақ, ұлтымыздың эволюциялық өрлеу жолының жарқын үлгісіне айналды, - деді Мемлекет басшысы.