Бүгiн 2026, 12:01 Фото: ©BAQ.KZ

Қос азаматтыққа қатысты талап күшейеді: Жаңа норма нені өзгертеді?

Басқа мемлекеттің азаматтығына ие болудың салдары айтылды.

Дебат аясында "Ауыл" партиясының төрағасы Серік Егізбаев «Жаңа Конституцияның 13-бабындағы қос және көп азаматтыққа тыйым салу туралы жаңа редакция бұрынғы реттеуден несімен ерекшеленеді?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

13-бапта қос және көп азаматтыққа тікелей тыйым салынғаны нақты көрсетілген. Сондай-ақ басқа мемлекеттің азаматтығына ие болу Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болатыны бекітілген.

Қолданыстағы Конституцияда тек «басқа мемлекеттің азаматтығы танылмайды» деп жазылған. Яғни норма декларативті сипатта болды: танылмайды делінгенімен, нақты тетіктері Негізгі заңда толық ашылмаған. Иә, бұл мәселе заңдарда реттелген, бірақ оның Конституция деңгейінде нақты әрі айқын бекітілмеуі әртүрлі түсіндіруге мүмкіндік беріп келді, - дейді ол.

Ал жаңа жоба бойынша мемлекет өз ұстанымы мен қағидаттарын 13-бапта нақты әрі анық көрсетіп отырғанын айтады.

Біріншіден, қос және көп азаматтық танылмайды. Қазіргі тәжірибеде кейбір адамдардың екі емес, үш-төрт, тіпті одан да көп паспорт иеленуі кездеседі. ІІМ-нің 2025 жылғы мәліметіне сәйкес, республика бойынша осындай шамамен 700 жағдай анықталған.

Екіншіден, басқа мемлекеттің азаматтығына ие болу Қазақстан азаматтығын тоқтатуға негіз болып табылады. Алайда бұл автоматты түрде азаматтықтан айыру дегенді білдірмейді. Мемлекет адамға өз таңдауын жасауға мүмкіндік береді. Яғни азамат өз мәртебесін нақтылауға құқылы.

Үшіншіден, мемлекет кәмелетке толмаған азаматтардың мүддесін ескереді. Бұл да қазіргі заманның шындығы. Бүгінде жастарымыз мемлекеттік бағдарламалар арқылы шетелдің жетекші оқу орындарында білім алып жүр. Сондықтан азаматтық мәселесінде балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктері де назарға алынған, - деп атап өтті ол.