Бүгiн 2026, 15:36 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

"Қорқыныш көп": Алматылық кәсіпкер салық реформасының салдары туралы айтты

Кәсіпкер әлі күнге дейін бір жүйеге түсе алмай жатырмыз дейді.

4 мамыр күні Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салық реформасының алғашқы нәтижелерін бөлісті. Оның сөзінше, Қазақстанда реформа нәтижесінде 207 мың кәсіпкер жұмысын тоқтатқан. Салық реформасы біраз ірілі-ұсақты кәсіпкерді әбігерге салғаны анық. Осы тұста BAQ.KZ тілшісі алматылық кәсіпкер қызбен сөйлесіп, салық реформасы қалай әсер еткенін анықтап көрді. 

Жұманғарин не дейді? 

Серік Жұманғарин Facebook-тегі жазбасында салық реформасының басты нәтижелері ретінде ҚҚС төлеушілер санының артқанын, экономикаға белсенді қатысушылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарының көбейгенін, сондай-ақ салықтық әкімшілендіру сапасының жақсарғанын атап өтті.

Министрдің дерегінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында шағын және орта бизнестен бюджетке түсетін түсімдер 20,3%-ға өскен. Сонымен қатар электрондық шот-фактура жүйесі арқылы жүргізілген айналымдар көлемі 14%-ға артқан.

Ол жеке кәсіпкерлер санының қысқаруына да тоқталды. Салық органдарының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 207 912 жеке кәсіпкер қызметін тоқтатқан. Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 82 874 болса, 2024 жылы 125 093 болған.

Министрдің айтуынша, биыл жабылған кәсіпкерлердің 39,2 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне ауысқан, 11,8 мыңы өзге компанияларда басшылық қызмет атқарған, ал 94,2 мыңында 2025 жылы табыс болмаған. Сонымен бірге бірінші тоқсанда 99 мыңнан астам жаңа салық төлеуші тіркелді: оның 88,7 мыңы – жеке кәсіпкер, 10,3 мыңы – заңды тұлға.

Салық реформасы кәсіпкердің жұмысына қалай әсер етті? 

Алматылық Асылай Дәулетқызы бұған дейін оптика саласында жалдамалы қызметкер болған. Кейінгі екі жылда өзі оптика дүкенін ашып, кәсібін дөңгелетіп келе жатқан. 

⁠Салық режимі өзгеріске енгеннен бастап тұтынушыға да, сатушы бізге де жүйеге үйрену қиындады. Өйткені біз тауар алып отырған жеткізушілер бағаны 1 жылда 4-5 рет өзгертті, тиісінше біз де өзгерістер енгізуге мәжбүр болдық. Бұл клиент үшін тұрақсыздық сияқты көрінді. Сондықтан өте байыппен, ақылға сала отыра қимылдау керек болды, - дейді жас кәсіпкер. 

Асылайдың сөзінше, алғашқы уақытта оның кәсібі қандай категорияға жататыны белгісіз болған уақытта қобалжулар болған. 

Өйткені біз жартылай сауда, жартылай медицинаға жатамыз. Жүйеленгеннен кейін тауар бағасын, таза бағасын, жалақы түрін қайта қарастыру керек болды. Бірақ біз үшін әр жұмысшы маңызды, сондықтан қатты өзгерістер жасамай, көп қиындықты (материалдық тұрғыда) өз мойнымызға алдық, - дейді кәсіпкер. 

Асылай Дәулетқызының сөзінше, салық реформасы үлкен өгерістерге себеп болған. 

3-4 жылда бір өзгеретін баға, 1 жылда 4-5 өзгерді. Бұл тек бізге емес, халықтың қалтасына да оңай түскен жоқ, өйткені көзілдірік қазіргі кезде алғашқы керек құралдардың біріне айналды. Бірақ екінің бірінің қалтасы көтере бермеуі мүмкін, - дейді кәсіпкер. 

Оптика саласы импортқа тәуелді. Асылай Дәулетқызының сөзінше, валюта бағамы мен салық кәсіпке қатар әсер еткен. 

Қазақстанда оптика саласы бойынша өндіріс көзі жоқ болғандықтан, импортқа өте қатты тәуелдіміз. Әлемдік жағдайда бағаның өзгеруіне әсер етеді. Салық тек енгізілуімен ғана әсер етіп қойған жоқ, оның жүйесіз енгізілуі де Қазақстанға тауардың кіруіне әсер еткен болатын, - дейді ол. 

Кәсіпкердің айтуынша, салық реформасы оның таза табысына да қатты әсер еткен. 

Шынына келгенде, әлі күнге дейін бір жүйеге түсе алмай жатырмыз. Маржа (кәсіпкердің өзіне қалатын пайдасы – редакция ескертуі) 1,5 есеге қысқарды. Бұл біріншіден, халықтың алушы күшінің азаюы. Екіншіден, бағаны жоғарылатып қоюға біздің де бата алмай отырғанымыз. Бізде тек бір ғана  салық емес, әртүрлі банктердің салығы тағыда бар. Сондықтан бір ізге түсу оңайға түсіп жатқан жоқ, - дейді ол. 

Асылай Дәулетқызы қазіргі жағдайда бизнесті тежей тұруға тура келіп отырғанын айтады. 

Біздің мақсатымыз үлкен еді, бірақ қазір барлығын тежей тұруға тура келді. Өйткені қорқыныш көп. Мұндай өзгеріс қаншалықты жиі болады? Көріп жатқан пайда азая берсе, сауда көзін көбейту қаншалықты дұрыс деген сияқты сұрақтар мазалайды. Салық жүйесі нақты тұрақталып, біз де сол жүйемен толықтай жұмыс жасап үйренгеннен кейін ғана ойлануға болатын сұрақ деп ойлаймын, - деп түйіндеді кәсіпкер.