Қорғаныс саласындағы инновациялық жобалар іріктелді
Digital Bridge-2022 халықаралық технологиялық форумы аясында EXPO көрме орталығында Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің басшылығымен «Defence Tech қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы скаутинг» тақырыбында пленарлық сессия өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған шараны Қазақстанның Қорғаныс министрлігі мен «Қазақстан ГАЖ орталығы» акционерлік қоғамы, сондай-ақ «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясы» ұйымдастырды.
Бұған дейін биылғы жылдың тамыз айында ҚР Қорғаныс министрлігі қорғаныс саласындағы қолданыстағы технологиялық міндеттерге арналған инновациялық шешімдер мен жобаларды іздеу бойынша конкурс жариялаған болатын. 13 компания пленарлық сессияда қарауға өз жобаларын ұсынды.
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев білім беру платформаларынан бастап қос мақсаттағы өнімдерге дейінгі жұмысқа кәсіби көзқарас пен шешімдердің алуан түрлі екенін атап өтті.
Құрамында Қорғаныс министрлігінің, «Қазақстан ГАЖ орталығы» АҚ және «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясы», Ұлттық қорғаныс университеті технопаркінің инженерлік-техникалық басқармасының, iKomek Қалалық мониторинг және жедел ден қою орталығының өкілдері бар комиссия бес жеңімпазды таңдады.
«Киров атындағы зауыт» АҚ «MEDEU-kD» цифрлық ультра қысқа толқынды радиостанцияны ұсынды. «Tactical TECH» ЖШС – виртуалды шынайылықтың тактикалық ұрыс қимылдарының үдеткіші, Әуе картасын жасау жүйесін «KazAeroSpace» ЖШС таныстырды. Сондай-ақ, комиссияны «IM – VR Ltd» жеке компанияның цифрлық машығын үйренуде IN-VR-оқыту білім беру платформасы қызықтырды. Жеңімпаздар қатарына қашықтықтан басқарылатын жауынгерлік модуль құрған «Research Development Центр Казахстан инжиниринг» ЖШС де кірді.
– Саламызға аса өзекті шешімдерді ұсынған әзірлеушілерді тарта алғанымыз қуантады. Бүгінгі таңда біз үшін басымдықтарды дұрыс жолға қою маңызды. Өйткені қаржыландыру шектеулі болғандықтан, барлық ұсынылған жобаларды бір уақытта қолдану өте қиын. Маңызды бағыттар туралы айтатын болсақ, онда әскерлерді басқаруда шешім қабылдау жылдамдығын арттыруға ықпал ететін әзірлемелерді бөліп айта кеткен жөн, – деп түсіндірді Дархан Ахмедиев.
Енді финалға өткен компаниялар өз жобаларын Қорғаныс министрлігінің мамандарына ұсынады. Үздік технологиялық шешімдер кейіннен Қарулы күштердің әртүрлі салаларында тәжірибеде іске асырылатын болады.