Қорғаныс министрлігінің алқа отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада өткен қорғаныс ведомствосының алқа отырысында ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды орындау аясында есептік кезеңдегі қызметтің қорытындысы шығарылды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың төрағалығымен өткен алқа отырысына әскер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің, әскер тектерінің қолбасшылары, әскери бөлімдер мен  құрамалардың командирлері қатысты.

Отырыс барысында қысқы оқу кезеңіндегі жалпы қызметтің, жауынгерлік және жұмылдыру дайындығының, тылдық және техникалық қамтамасыз етудің қорытындылары шығарылды. Әскери тәртіп пен құқықтық тәртіп жағдайы да талданды. 

Мемлекет басшысы Қарулы күштерді қайта форматтау, олардың жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыру жөнінде тапсырмалар берді. Осылайша, соғыс жағдайында да, дағдарыс ахуалында да әрекет етуге қабілетті жауынгерлік бөлімшелер құрылуда, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов. 

Әскерлердің жауынгерлік дайындығын арттыру жөніндегі іс-шаралардың қорытындысы туралы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов баяндады. Ол есептік кезеңде жауынгерлік даярлықтың қарқыны едәуір артқанын, қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесіне қарап, әскерлерді қолданудың жаңа нысандары мен әдістері игеріліп жатқанын атап өтті. 

Отырыс барысында Қарулы күштердегі әскери тәртіп пен құқық тәртібі, тылдық, техникалық қамтамасыз ету және әскери инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қаралды.  Одан басқа Қорғаныс министріне «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы шеңберінде өткізілетін қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдіру шаралары баяндалды.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысушыларға қазіргі жағдайда мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі әскердің рөлі мен алатын орны назарда болуы керек деді. Қорғаныс ведомствосының басшысы Мемлекет басшысының бастамасымен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі алдағы референдумның айрықша маңызды екенін атап өтті. 

Алқа отырысының соңында Қорғаныс министрі 2022 оқу жылының жазғы кезеңіне арналған міндеттерді айқындады. Аса маңыздылар қатарында әскерлердің далалық дағдысын ұдайы жетілдіру, жауынгерлік даярлық деңгейін көтеру, Қарулы күштердің кадрлық құрамының техникалық жарақтандырылуы мен сапасын арттыру бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы