Қорғаныс министрлігі: Соңғы бес жылда БҰҰ миссиясына дербес мандат алған жалғыз мемлекетпіз

Соңғы бес жыл ішінде Қазақстан халықаралық және бітімгерлік қызметті жандандырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қорғаныс министрлігі ұсынған жартыжылдық есебіне сүйенсек, еліміз ТМД елдері ішінде БҰҰ миссиясына дербес мандат алған бірден-бір мемлекет. 2024 жылғы наурызда алғаш рет қазақстандық контингент: 139 әскери қызметші, 26 қару-жарақ пен әскери техника БҰҰ миссияларына қатысу үшін Голан жоталарына жіберілді.

Сәуір және мамыр айларында Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде халықаралық іс-шаралар өткізілді, ынтымақтастықты дамыту жөніндегі құжаттарға қол қойылды.

Техниканы қайта жарақтандыру және жаңғырту

Қарулы Күштерді қару-жарақ пен әскери техниканың, оның ішінде отандық өндірістің заманауи үлгілерімен қайта жарақтандырудың кезең-кезеңдік процесі жүріп жатыр. Биыл 500-ден астам жаңа техника келіп түсті, 50 техника күрделі жөндеуден өтті.

2024 жылы «Арлан» және COBRA II брондалған доңғалақты машиналары жеткізіледі деп күтілуде. Жыл соңына дейін SUNQAR тактикалық ұшқышсыз жүйелер кешенін және EVOMax шағын ұшқышсыз жүйелерін сатып алу жоспарлануда.

Биыл Әуе қорғанысы күштері заманауи жойғыш ұшақтар мен қару-жарақ класы жоғары дәлдіктегі зениттік зымыран кешенін жеткізеді деп күтілуде. ANKA пилотсыз ауыр класты кешенді тәжірибелік әскери пайдалану жүргізілуде. А400М бірінші ауыр жүк көтергіш әскери-көліктік ұшақ жеткізіледі деп күтілуде. Әскери-теңіз күштері үшін диверсияға қарсы қайық жеткізіледі.

Бронды танк және автокөлік техникасын, әскери әуе шабуылына қарсы қорғанысты, танкке қарсы жүйелерді, артиллерия мен атыс қаруын жөндеу цехтары іске қосылды.. Әскерлерде 1,5 мыңнан астам әскери техникаға ағымдағы және орташа жөндеу жүргізілді.

Мерзімді қызмет жағдайын жақсарту

Мерзімді әскери қызметтің тартымдылығы мен беделін арттыру мақсатында Қорғаныс министрлігі бірқатар шараларға бастамашылық жасады. Мамыр айында әскери қызметшілерге арналған білім беру гранттарына квоталар бекітетін Заң қабылданды. Тегін оқуға арналған мемлекеттік гранттар мерзімді әскери қызмет кезеңінде жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта жоғары нәтижелерге қол жеткізгендерге берілетін болады. Сондай-ақ ЖОО-дағы оқудың бірінші жылында жатақханада тұруға басым құқық берілуі қосымша артықшылық болмақ.

Сондай-ақ әскерге шақырылушыларға арналған «кредиттік каникулдар» жүйесі енгізілді. Жастарды әскери комиссариаттарға бармай-ақ тіркеу процесі автоматтандырылды, бұл жыл сайын тасымалдауда, медициналық қызмет көрсетуде және тіркеу туралы куәлік беруде 1 млрд теңгеден астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жыл сайын «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өткізіледі. Биыл оған 700-ден астам жасөспірім, оның ішінде Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан сияқты өзге елдерден келген 75 өкіл қатысты.

Патриоттық тәрбие

Биыл Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры және Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған іс-шаралар өткізілді. Ақкөл қаласында армия генералы ескерткішінің ашылу салтанаты өтті, оның жауынгерлік өмір жолы туралы бірқатар бағдарламалар мен бейнероликтер топтамасы шығарылды.

9 мамырда Талдықорған авиабазасына екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған Сергей Данилович Луганскийдің есімі берілді.

Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын мерекелеу аясында әскери бөлімдер мен мекемелерде еске алу бұрыштарын ашу, «Біз – батыр елдің ұрпағымыз» әскери-патриоттық акциясы, «Мәңгілік ел алыптары: Рахымжан Қошқарбаев» атты конференциялар мен ерлік сабақтарын өткізу сияқты іс-шаралар жоспарланған.

Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, Қонаев, Балқаш, Түркістан және Щучинск қалаларының сауықтыру орталықтарында 600 әскери қызметшінің балаларына арналған демалыс ұйымдастырылды. Жыл соңына дейін тағы 500 бала демалуға жіберіледі.

Төтенше жағдайларда көмек көрсету

Бұрын-соңды болмаған көктемгі су тасқыны кезінде әскери қызметшілер тапсырмаларды жанқиярлықпен орындады. Құтқару операцияларына 5,3 мың адам және 326 бірлік техника жұмылдырылды.

Қарулы Күштердің пәрменімен 6,5 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді, 1,9 мың адам және 700 тоннадан астам гуманитарлық жүк тасымалданды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы