Қорғаныс министрлігі еліміздің жоғары оқу орындарымен келісімге қол қойды

Алматыдағы Республика сарайында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. 

Қорғаныс ведомствосының басшысы қатысушыларды Ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады. Ол демократиялық әлеуметтік құқықтық мемлекет құруды, тәуелсіз дамуды, оның аумағының бөлінбейтіндігі мен қол сұғылмайтындығын жариялаған мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны қабылдаудың маңызды екенін атап өтті. 

 

Мемлекеттілікті нығайтуға, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге Қарулы күштер мен білім беру мекемелері де өз үлестерін қосып келеді. Еліміздің Қорғаныс министрлігі мен жоғары оқу орындарының белгіленген мерзімде қызмет еткен әскери қызметшілерге тегін жоғары білім алу мүмкіндігін беру жөніндегі бірлескен жобасы да әскери қызметтің беделін арттыруға ықпал ететін болады. 

Қол қойылған келісім әскерилерді армиядан кейін әлеуметтендірудің бір механизмі болып табылады. Біріншіден, жоғары оқу орындарына өздерін жақсы жағынан көрсетіп, мұқият іріктеуден өткендер келеді. Екіншіден, оқу орындарына баратындар – армия мектебінен өткен жастар. Мықты, төзімді, тәртіпті балалар студенттерге батылдық пен дербестіктің үлгісі болады, – деді қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов. 

Елуден аса жоғары оқу орындарының басшылары қол қойған келісімде ынтымақтастық бағыттары, сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өткерген адамдарға тегін білім алу үшін жыл сайын бөлінетін орындардың саны айқындалған. 

 Келісімдер 2023 жылдан бастап күшіне енеді. Әскерде борышын өткерген азаматтарға білім алу жеңілдіктерін беру әскери қызметке деген ынтаны арттырары сөзсіз. 

Іс-шара Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблі дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы