Қорғаныс министрлігі экстремалды журналистикадан оқу-практикалық семинар ұйымдастырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысындағы «Астана» өңірлік қолбасшылығының полигонында республикалық және өңірлік БАҚ журналистеріне, сондай-ақ блогерлерге арналған «Әскери дискурс. Спасск-2022» оқу-практикалық семинары өтті.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Далалық жағдайда өткен тренингтер журналистерді төтенше жағдайда және қарулы қақтығыстар аймағында жұмыс істеуге дайын болуға үйретті. Оқыту барысында тәжірибелі әскери мамандар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен білімдері және практикалық дағдыларымен бөлісті.
Журналистердің жұмыс күндері таң атқаннан күн батқанға дейін әскердегідей өтті. Бірінші күні-ақ олар төтенше жағдайға тап болды.
Семинарға қатысушылар әскери қақтығыс аймағындағы жұмыстың ерекшеліктерімен, алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерімен, жаппай тәртіпсіздік кезіндегі мінез-құлық ережелерімен, төтенше жағдайларда жекелей өмір сүру негіздерімен, журналистің қолға түсіру және тұтқындау кезіндегі әрекеттерімен танысты.
Сабақтар кезінде дабыл бойынша іс-қимылға кірісу, марш жасау, миналанған алаңнан өту, жауынгерлік техникамен жүру ережелері, қауіпті аймақтан әскери авиация тікұшақтарымен эвакуациялау, қаладағы ұрыс қимылдары жағдайында журналистің өзін басқаруы сияқты оқу мәселелері зерделенді. Семинарға қатысушылар теорияда білгендерін оқу-жаттығу орталығының базасында, далалық алаңда бекітті.
Мен журналистерге арналған әскери дискурсқа алғаш рет қатысып отырмын. Мен үшін аса қажетті тәжірибе. Бірінші күні төтенше жағдайда өзімді қалай ұстау керектігін білмейтінімді түсіндім. Бізге «террористер шабуыл жасаған кезде» мен бірден қашуға тырыстым. Алайда олар мені жылдам ұстап алды. Шынымды айтсам, алғашқы сәттер өте қорқынышты болды. Әскери қызметшілер «содырлар» рөлін жақсы ойнады. Сұрақтарына жауап берейін бе, әлде үнсіз қалған дұрыс па? Не істеу керек! Мұндай дискурсты әр журналиспен өткізген жөн. Бұл қажетті тәжірибе ғана емес, сондай-ақ өте қызықты семинар, – деді өз сөзінде «Казахстанская правда» газетінің аға тілшісі Әсел Мұқанова .
Қорғаныс министрлігі осындай іс-шараларды 2015 жылдан бері өткізіп келеді. Отты нүктелерде журналистерді тәжірибе жинауға үйрету өзекті. Алған әсерлері жайлы олар ресми БАҚ-тың ақпараттық ресурстарында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жазды.