Қорғаныс министрлігі Атырау аспанында ұшқан жойғыш ұшаққа қатысты түсініктеме берді
Ведомствоның мәліметінше, әскери ұшақтың әуеге көтерілуі жоспарлы оқу-жаттығу ұшуына байланысты болған.
Атырау тұрғындары қала аспанында айналып ұшқан әскери жойғыш ұшақты байқады. Ұшақ түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде жылдам тарап, қолданушылар арасында қызу талқыланды.
Оқиғаның мән-жайын Қазақстанның Қорғаныс министрлігі түсіндірді.
Ведомствоның мәліметінше, қала үстінде Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің Су-30СМ әскери ұшағы жоспарлы оқу-жаттығу ұшуын орындаған.
Қорғаныс министрлігі мұндай ұшулар ұшу құрамының даярлығын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті.
24 маусым күні Атырау қаласының үстінде Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің Су-30СМ ұшағы жоспарлы оқу-жаттығу ұшуын орындады. Мұндай ұшулар ұшу құрамының даярлығы аясында тұрақты түрде өткізіледі. Олар ұшқыштардың кәсіби дағдыларын сақтауға және авиациялық техниканы қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге қажет, – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.
Министрлік тұрғындарды алаңдамауға және тек ресми, тексерілген ақпаратқа ғана сенуге шақырды.