Қорғаныс министрлігі Ақтаудағы сарбазға қатысты пікір білдірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтау қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметін атқарып жүрген сарбаздың психикасының бұзылуы жайлы әлеуметтік желілерге таралған ақпаратқа қатысты Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі ресми ақпарат берді.
2022 жылғы 18 мамырда сағат 12.00-де бөлім басшылығы 25744 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер А. айналада болып жатқан оқиғаларға түсініксіз реакция көрсеткенін, өзімен-өзі сөйлесіп жүргенін байқады. Орын алған жағдай жайлы сарбаздың ата-анасына хабарланды,-делінген хабарламада.
Жас жігіт медициналық тексеруден өткізу үшін облыстық ауруханаға жеткізілді. Тексеру нәтижесінде (МРТ, мидың КТ және маманның кеңесі) дене жарақаттары мен қауіпті патологиялар анықталған жоқ. Биылғы жылдың 19 мамырында мамандар қайта тексеру жүргізуді жоспарлап отыр.
Әскерге шақырылушыны медициналық комиссиядан өткізіп, одан әрі әскерге жіберу үшін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге мәжбүрлеп жеткізуге қатысты ақпарат нақты емес.
2022 жылғы 4 мамырда әскерге шақырылған А-ға белгіленген тәртіппен шақыру қағазы берілді. 11 мамырда ол шақыру пунктіне келді. Сол жерде оған және оның туысқандарына азаматтың басқа гарнизонға бармай-ақ, Ақтау қаласында қызмет өткеретіні мәлімденген болатын - деді әскерилер.
Бұдан кейін әскерге шақырылушы ретінде А. Қарулы күштердің қатарында қызмет етуге өтініш білдірді. Медициналық тексеруден өткенде денсаулығына ешқандай шағым жасаған жоқ.
Оқиғаға қатысты әскери полиция тексеру жүргізіп жатыр.