Қорғаныс министрлігі Ақмола облысының тұрғындарына көмекке дизель генераторларын жіберді
Қарулы күштердің әскери қызметшілері төтенше жағдай режимі жарияланған өңірлерде тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, өткен тәулікте су тасқынына қарсы іс-шараларға 814 әскери қызметші, 44 бірлік автокөлік техникасы, 3 тікұшақ және 2 әскери-көліктік авиация ұшағы жұмылдырылды. Әуе жолымен 262 адам, 4200 келі жүк тасымалданды. 44 400 қапшық құм толтырылып, қойылды.
Шұбарқұдық станциясынан 138 шақырым қашықтықта 58012 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ойыл өзеніндегі паром өткелі арқылы 238 жергілікті тұрғынды эвакуациялады, 1,5 тоннаға жуық заттар мен азық-түлік тасымалдады.
Қорғаныс министрінің нұсқауы бойынша Ақмола облысының Есіл және Жарқайың аудандарында қарғын судың салдарынан жарықсыз қалған ауыл тұрғындарына 33 әскери қызметші жіберілді, 16 электротехникалық құрал бөлінді.
Өңірлерде іс-шараларға аумақтық қорғаныс бригадалары қосылды. Маңғыстау облысы әкімінің қаулысымен аумақтық қорғаныс бригадасына Бейнеу ауылы тұрғындарының арасынан 155 әскери міндетті шақырылды. Бөлімнің жеке құрамы Атырау облысының Жылыой ауданындағы су тасқыны салдарын жоюға жұмылатын болады.
Қостанай қаласында 99260 әскери бөлімінің жеке құрамы Тобыл өзенінің жағасында су тасқынына қарсы жұмыс жүргізді. 70 әскери қызметші 8000 қапшық құм толтырып, жағалауды 80 метрге дейін күшейтуді іске асырды.
Петропавл қаласының шетіндегі саяжай алабында 99275 әскери бөлімінің 30 әскери қызметшісі Есіл өзенінің бөгетін нығайту үшін 1000 қапшық құм дайындады.
Орал қаласында 99250 әскери бөлімінің 26 әскери қызметшісі Шаған ауданында Жайық өзенінің арнасын нығайту үшін 2 400 қапшық құм толтырды. 30238 әскери бөлімінің 50 әскери қызметшісі Ақтөбе облысы Садовое ауылындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға келіп қосылды.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің жеке құрамы Құлсары қаласында және Қарабау елді мекенінде су тасқынына қарсы іс-шараларды атқаруда. Құм толтырылған қапшықтан бекіністер үйіп, күшейту жұмыстары тәулік бойы ауысыммен жүргізілу үстінде.
Атырау облысының Құлсары қаласынан 30 шақырым жерде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жару командасы Жем өзенінің арнасын кеңейту үшін жару жұмыстарын жүргізді.
27 наурыз бен 7 сәуір аралығында барлығы 2 357 әскери қызметші, 112 бірлік көлік техникасы, 10 тікұшақ, 4 әскери-көліктік авиация ұшағы жұмылдырылды. Су басу жерлерден 2 305 адам, оның ішінде 732 бала эвакуацияланды. 120 мыңнан астам құм толтырылған қапшықтар дайындалып, төселді.