Қорғаныс министрлігі альпинистерді іздеу жұмыстарының қорытындысын жариялады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Қорғаныс министрлігі Қырғызстандағы тауда жоғалып кеткен альпинистерді іздестіру-құтқару операциясының қорытындысын хабарлады.

"Әскери альпинистер тобы тамыздың 19-ы мен 22-і аралығында Тянь-Шань жотасының Жеңіс шыңы ауданында өткізілген іздестіру-құтқару операциясынан оралды. Операция жетекшісі  аға лейтенант Василий Пивцов, капитан Мақсұт Жұмаев пен майор Аманжол Рахметов 15 тамызда жоғалып кеткен Александр Чечулин, Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеевті іздестіруді жүргізді", - делінген таратылған хабарламада. 


18 тамызда кешке туысқандары жоғалып кеткендерді іздестіруде қоғамнан көмек сұрады. Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері қазақстандықтарды іздестіруде жан-жақты жәрдем көрсету туралы шешім қабылдады. Бірнеше сағат ішінде дабыл бойынша Жеңіс шыңының базалық лагеріне ұшу мен іздестіру жұмыстарына дайындалды. 

Таңертең 19 тамызда әскери альпинистер Қарқара базалық лагеріне келді. Алайда, ауа райы жағдайы, жел мен нашар көрінушілік ұшып өтуге мүмкіндік берген жоқ. 

Министрліктің мәліметінше, 20 тамызда қолайлы ауа райы болған кезде команда іздестіруді бастады. Операция өткізілген уақытта топ зардап шеккендердің болжамды орналасуы аймағында 5100-ден бастап 6000 метрге дейінгі биіктікте 14 ұшып өтуді жүзеге асырды. Бөктерге барынша жақындау 70 метрді құрады. Жылу визорлардан алынған ақпараттың талдауы мен көзбен шолу нәтиже берген жоқ. Тірі адамдардың, мәйіт пен өзге де іздердің болу белгілері анықталған жоқ. 


"Іздестіру Жеңіс шыңына шығу бағдарының ауқымдылығымен күрделене түсті. Ықтимал орналасу аймағы өте үлкен. Іздестіру жұмыстары үшін ауа райы қолайсыз болды. Толассыз жауын-шашын іздестіру жұмыстары үшін қолайсыз болды. Жауын-шашынның көп болуы 1,5 метрдегі базалық лагерьде қар жамылғысының биіктігін ұлғайта түсті, сондай-ақ қар көшкінінің қауіп-қатерін арттырды. Жаяу топтың жөнелтілуі мақсатқа сәйкес болған жоқ", - деп хабарлады министрлікте. 

Қолда бар мәлімет бойынша қазақстандық альпинистер командасы (Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев, Александр Чечулин) 14 тамызда Жеңіс шыңына шықты. Сол кезде ауа райының бұзылуы басталды. Соңғы рет топ байланысқа 15 тамызда шамамен 6600-6900 метр биіктіктен шықты. Өтепбаев пен Корнеев Александр Чечулиннің өкпесінің ісінуі нәтижесінде қаза болғаны туралы хабарлады. Одан басқа, палаткалар, керек-жарақ пен азық-түлікті жел айдап әкетті. Олар қолайсыз ауа райының ашылуын күту үшін қарлы шұңқыр қазды.   

18 тамызда «Аксай Тревел» (Қырғызстан) туристік компаниясының Ми-8 тікұшағы іздестіруге шықты. Іздестіру нәтиже берген жоқ. Тауда бірнеше қар көшкіні болды. 

Жоғалып кеткен альпинистер туралы анықтама: 

Өтепбаев Мұрат Матайұлы - 1970 ж.т., альпинизмнен СШК, 3-санатты нұсқаушы, Қар қабыланы  No596 (2012 ж.). 5-ші және одан жоғары санатта 15 мәрте және жеті мыңдыққа, оның ішінде, Жеңіс шыңын (7439 м) 11 рет бағындырды. Іздестіру және құтқару жұмыстарына қатысты. 

Корнеев Андрей Сергеевич - 1977 ж.т., альпинизмнен 1-разряд (СШК нормативтін орындағанға дейін 6А күрделіліктегі бір рет шыңды бағындыру қалды). Жеті мыңдыққа оның ішінде, Жеңіс шыңына 12 мәрте және Хан Тәңірі шыңына 6 рет шықты. Құтқару жұмыстарына бірнеше рет қатысты. 

Чечулин Александр Борисович - 1961 ж.т., альпинизмнен СШК, альпинизмнен бапкер нұсқаушы, Қар қабыланы  № 577 (2011 ж.). 5-ші және одан жоғары санатта 15 мәрте, оның ішінде, 14 рет жеті мыңдыққа, Жеңіс шыңына (7439 м) шықты. Іздестіру және құтқару жұмыстарына қатысып, басқарды.   

Айта кетейік, «Қар қабыланы» атағы ТМД-ның барлық жеті мыңдықтарын бағындырғаны үшін беріледі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қорғаныс министрлігі қазақстандық әскерилер Тянь-Шань тауының Жеңіс шыңында із-түссіз жоғалып кеткен альпинистерді іздеп, 14 рет ұшып өтті. Алайда альпинистерді жаяу іздеу де тиімсіз екені мәлім болды.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы