Қорғаныс министріне бірқатар кезек күттірмейтін міндет жүктелді
Қорғаныс министрлігіне әскерді реформалау жоспарын 10 күн ішінде әзірлеу тапсырылды.
Қорғаныс министріне бірқатар кезек күттірмейтін міндет жүктелді.
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Бірінші міндет – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.
Бөлінген қаржы мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттырып, барынша нәтиже беруге тиіс. Мақсатсыз шығынға, талан-таражға жол берілмейді. Мұндай әрекеті әшкереленгендердің бірде-біреуі жауапкершіліктен құтылмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екінші міндет – қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштерді реформалау. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуге тиіс. Сондай-ақ Мемлекет басшысы мамандарды іріктеу мен бағалаудың ашық критерийлерін енгізген жөн деп санайды.
Әскери лауазымдарға басшының «өз адамдары» емес, тәжірибелі және білікті кадрлар ұсынылуға тиіс, – деді Президент.
Үшінші міндет – әскер қатарындағы идеология және тәрбие жұмысын күшейту. Бұл іс Конституцияның басты қағидаттары мен құндылықтарына сәйкес жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ әлемнің әскери тарихы, ұлтымыз бен жаһан елдерінің озық рухани-мәдени жетістіктері кеңінен дәріптелуі керек. Армия кәсіби даярлық пен білімді шыңдап, отаншылдыққа баулитын мектеп болғаны жөн. Онда әрбір әскери қызметшінің өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұруы қажет.
Отан қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы, қасиетті парызы. Әскери қызметке өмірін арнаған әр азамат мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын айқын сезінуі керек. Әскер – қорқыныш пен үрейге толы жер болмауы керек. Әскер – жас сарбаздарды, еліміздің нағыз отаншыл азаматтарын тәрбиелеудің бұрынғы және қазіргі озық үлгілері ұштасқан кәсіби деңгейі жоғары институт болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пайымдауынша, БАҚ әскери қызмет, әсіресе, басшылықтың жоғары бағасы мен қолдауына ие болған әскери қызметшілер туралы объективті ақпарат таратқаны жөн. Жоғарғы Бас Қолбасшы нақты әрі түсінікті, кезең-кезеңімен реформалау жоспарын әзірлеу маңызды екеніне назар аударды.
Оны көлемді тұжырымдамаға немесе жол картасына айналдыруға болмайды. Реформа жоспары қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады. Президент Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына әскерді реформалау үдерісін үйлестіруді тапсырды.