Қорғаныс министрі Қазақстан күштік құрылымдарының бірлескен оқу-жаттығуын үйлестірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов «Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының басшылығымен кеңес өткізді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің ресми сайты.

Қорғаныс министрі жылжымалы басқарма пунктінен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің лауазымды адамдарын оқу-жаттығу шеңберінде өткізілетін іс-шаралар туралы тыңдады. 

Өңірлік қолбасшылықтар мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылары өздерінің басқару пункттерінен қауіпті бағыттарда топтар құру және қойылған оқу-жауынгерлік міндеттер туралы баяндады. Олардың орындалу барысы Бас штабтың жылжымалы басқару пунктіне ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы көрсетілді. 

Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы арнайы міндеттерді орындауға тартылатын бөлімшелерді қолдану тәртібін баяндады. 

Генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов оқу-жаттығудың негізгі мақсаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою жөніндегі тапсырмасын іске асыру болып табылатынын атап өтті.

Осыған байланысты Қорғаныс министрі басқару органдарының жауынгерлік жұмысын ұйымдастыру және әскерлердің арнайы әскери операциялар барысындағы тапсырмаларды орындауы, сондай-ақ жан-жақты қамтамасыз ету мәселелері жөнінде нұсқаулар берді. 

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарының, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларының аумағында өтіп жатыр. 

Жаттығуларға Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамалары мен бөлімдері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған. 

Оқу-жаттығулар 16 сәуірге дейін жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы