26 Қыркүйек 2026, 12:13 Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Қорғаныс министрі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларымен кездесті

Кездесулер ауыр қайғы мен аза тұту жағдайында өтті.

 

Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов әскери оқу-жаттығу кезінде оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына барды.

Министр қаза болғандардың туған-туыстарына жеке өзі шын жүректен көңіл айтып, орны толмас қазаның қайғысына ортақтасты. Ол ұлдары мен жақындарынан айырылған отбасылардың қайғысын ешқандай сөзбен жеңілдету мүмкін емес екенін атап өтті.

«Біз үшін олар жай ғана әскери қызметшілер емес – олар біздің қаруластарымыз, ұлдарымыз бен бауырларымыз. Олардың қазасы – барша Қарулы күштер үшін ауыр қаза. Біз туған-туыстарымен бірге қайғырып, осы қиын уақытта олардың жанынан табыламыз», – деді Қорғаныс министрі.

Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мәдіхан және Дастан Бегей Жаңаөзен қаласынан, ал Мирас Тұрдыбекұлы Жетібай ауылынан мерзімді әскери қызметке шақырылған.

Қызмет еткен уақытында олар өздерін жауапты әрі тәртіпті әскери қызметшілер ретінде танытып, әскери борыштарын адал атқарған.

Министр отбасыларға Қорғаныс министрлігі қайғы-қасіретімен жалғыз қалдырмайтынына сендірді. Оларға жан-жақты көмек пен қажетті қолдау көрсетіледі. Ведомство туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесуді жалғастырып, отбасылармен тұрақты байланыста болады.

Қаза тапқан әскери қызметшілердің есімі туған-туыстарының, жақындарының, қаруластарының және Қарулы күштердің барлық жеке құрамының жүрегінде мәңгі сақталады. Олардың өмірі мен әскери борышына деген адалдығы ешқашан ұмытылмайды.