Қорғаныс министрі Гвардейск гарнизонына жұмыс сапарымен барды
Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Айбалта-2022» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының барысын және Гвардейск гарнизонының коммуналдық нысандарының жылу беру маусымына дайындығын тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Командалық пунктте Қорғаныс министріне «Айбалта-2022» стратегиялық командалық-штабтық оқу- жаттығуының атқарылған және жоспарланған іс-шаралары туралы, оның ішінде ҰҚШҰ-ның оқу-жаттығуы шеңберінде шетелдік әскери контингенттердің орналасу жайын, сондай-ақ Жедел әрекет ету ұжымдық күштерін топтастыруға басшылық ету тәртібі туралы мәліметтер баяндалды.
Қорғаныс министрі қару-жарақ пен әскери техниканы қалпына келтіру, медициналық көмек көрсету, жанармай мен оқ-дәрілерді тасымалдау, сондай-ақ далалық жағдайда бөлімшелерді затпен және азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі әскерлер тобының мүддесінде қызмет ететін «Эшелон-2022» материалдық-техникалық қамтамасыз ету күштері мен құралдары оқу-жаттығуының мән-жайымен танысты.
Қорғаныс ведомствосының басшысы оқу-жаттығудың барлық тапсырмаларын толық және сапалы орындауға, әскерлердің практикалық іс-қимылдары барысында қауіпсіздік шараларын сақтауға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.
Жұмыс сапары барысында генерал-полковник Руслан Жақсылықов гарнизонның коммуналдық инфрақұрылымының жылу беру маусымына дайындығын, қысқы кезең қарсаңында әскери техниканы сақтау және пайдалану шарттарын тексерді.