Қорғаныс министрі әскери оқу орны жанынан әскери-медициналық факультет ашуды ұсынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталінде ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде әскери медицинаны дамыту мәселелері жөніндегі кеңес өтті.
Бұл іс-шараға қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Мемлекеттік күзет қызметінің, Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның әскери-медициналық бөлімшелерінің басшылары, медициналық білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов ведомствоаралық өзара іс-қимылдың бірқатар өзекті мәселесіне, оның ішінде әскери-медициналық мекемелердің инфрақұрылымын жетілдіруге, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге, емдеу қызметінде тәжірибе алмасуға, сондай-ақ әскери дәрігерлердің халықтың денсаулық сақтау жүйесіне қатысуына да назар аударды.
Кеңес барысында әскери-медициналық мекемелерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосу, сондай-ақ инфекциялық аурулар бойынша қолайсыз елдерде қызмет өткеретін бітімгерлік контингенттің әскери қызметшілерін вакцинациялауды жүргізу аспектілері де сөз болды.
Сапалы медицинаның басым бағытының бірі – әскери-медициналық мамандар дайындау.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов Алматыда жоғары әскери оқу орны жанынан әскери-медициналық факультет ашу мүмкіндігін қарауды ұсынды.
Қарулы күштерді стационарлық көмек көрсетуге рұқсаты бар медицина мамандарымен жасақтауды шешу үшін жыл сайын резидентурада медицина қызметінің офицерлерін оқытуымыз керек, – деп айтты генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Ведомствоаралық кеңес соңында айтылған ұсыныстарды іске асыру үшін бірлескен жұмыс жоспары бекітілді.
Сонымен бірге кейбір мәселелердің, атап айтқанда, әскери жоғары оқу орны жанынан әскери-медициналық факультет ашу заңнамалық тұрғыда реттеуді талап ететіні белгілі.