Қорғаныс министрі әскер спортшыларын – бокстан әлем чемпиондарын марапаттады

Қорғаныс министрлігінің алқа отырысы кезінде Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен 2023 жылғы бокстан әлем біріншілігінің жеңімпаздарын ресми марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Былғары қолғап шеберлерінің ақтық жекпе-жегінде Орталық спорт клубының өкілдері Асланбек Шымбергенов пен Махмұд Сабырхан әлем чемпиондары атанып, жеңіске жеткені белгілі. Асланбек – 71 келі, ал Махмұд – 54 келі салмақта шаршы алаңға шыққан болатын.

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов ерекше көзге түскен спортшыларды құттықтады.

Тартысты жекпе-жекте жауынгерлік жігер мен нағыз батылдық көрсеттіңдер. Сендердің бұл жеңістерің – елімізді халықаралық аренада дәріптеуге қосқан үлестерің, – деді министр.

Қазақстан құрамасының капитаны Орталық спорт клубының аға маманы Асланбек Шымбергеновке «Ел қорғаны» медалін, аға маман Махмұд Сабырханға «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалін тарту етті, сондай-ақ оларға естелік сыйлықтар да табысталды.

Одан бөлек, 2021 жылғы әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Ташкентте өткен әлем чемпионатына қатысқан кіші сержант Сәкен Бибосынов та министрдің қолынан естелік сыйлық алды. Бокстан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов және бокстан әлем чемпионы, ҚР ҚМ Спорт комитеті – Орталық спорт клубы штаттық командаларын даярлау орталығының бас жаттықтырушысы капитан Біржан Жақыпов бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен бокстан XXII әлем чемпионатына әлемнің 104 елінен 13 салмақ дәрежесінде 640 боксшы қатысқанын атап өткен жөн.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы