Қорғалжын табиғи қорығына апаратын жол жөнделеді

Қорғалжын табиғи қорығына апаратын «Астана – Қорғалжын» автожолында жөндеу жұмыстары басталды. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Ақмола және Қостанай өңірлеріне жасаған жұмыс сапары аясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жолдың орташа жөндеуі былтырдан басталып, Ақмол ауылынан Оразақ ауылына дейінгі 39 шақырымдық жолды қамтыған. Биыл осы жөндеу жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталады.

Ендігі кезекте, биыл Оразақ ауылынан Қорғалжын қорығына дейінгі 110 шақырымдық жол учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары басталады. Қорғалжын ауылынан қорыққа дейінгі жол учаскесі ерекше назарда. Өткен ғасырдың 60-жылдарында салынған бұл жол бүгінде асфальтобетон жамылғысы жоқ топырақ төсемінен тұрады. Жолдың жаңартылуы туристік ағынды арттырып, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына оң әсер етеді деп күтіледі, – деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, жол жөндеу жұмыстары облысаралық және ауданаралық күре жолдарды ауқымды орташа жөндеу аясында жүзеге асырылып жатыр. Президент тапсырмасына сәйкес, жалпы жөнделетін жолдардың көрсеткіші 10 мың шақырымға дейін артады. 2025 жылы 8 мың шақырым республикалық маңызы бар жол жөнделсе, 2026 жылы 2 мыңнан астам жол жаңартылмақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы