Қорғалжын сапары. "Ғасырдан да ұзақ күн", ғарыштан да ұзақ жол
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қорғалжыннан Бозоққа дейін созылған жолдың үшінші күні Шолақ көлдің жағасындағы ақбоз үйден басталды. Осы ретте сапар барысынан сыр шертетін жолсапар очеркі желісін жалғастырамыз.
Айта кетейік, жобаның басты мақсаты - биылғы коронавирус індеті жағдайында еліміздің ішкі туризмін насихаттау, Қазақстанның тарихи жерлерін таныстыру арқылы жылқы туризміне қызығушыларға мүмкіндік жасау. Атқа міну мәдениеті – қазақ халқының қанына сіңген, өмірлік серігіне айналған үрдіс. Экспедиция нәтижесінде еліміздің табиғи нысандары бойынша жаңа туристік бағыттар жасалып, GPS координатаға жаңа нүктелер түсірілетін болады
At-travel.kz салт аттылар клубының жігіттері кешегі түнгі алаудың басында ән шырқап, қымызға қанып, бүгін өте жайлы ұйықтағандарын айтысып жатты.
Таңғы 5-те тұрып, аттарды суарып, жолға дайындай бастадық.
Самат Өкешұлы Шолақ көлінен 4 шақырым жердегі Өркендеу ауылында әкім бастаған ауыл адамдары күтіп отырғанын айтты.
Таңғы ас ішіп, атқа мінерде Берік Ақылбеков ағамыз Саматқа клуб мүшелері атынан қоржын сыйлады.
Ақтабанның арқасы шилі болып, жазылмай жүргеніне біраз болған. Бүгін ешкім мінбейтін болған соң, арқасына қаймақ жағып, жетекке алуға тура келді.
Жолда жүргенде жинақы, жылдам, ылдым-жылдым қимылдап, әр ісіңе әбжілдікпен қарау керек. Сергек жүрсең, жаның да, көңілің де сергек болады. Біз бірден атқа қонып, Өркендеу ауылына тарттық.
Ауыл тірлігі қашан да мамыражай. Қазақ даласындағы қай ауылға ат тұмсығын тіремеңіз, алдыңнан аңқылдаған ақжарқын азаматтар шығады.
Ауыл әкімдігінің алдында ауыл басшысы Қалдыбала Оңғарқызы бастаған азаматтар күтіп тұр екен. Шашу шашып қарсы алды.
Алда жол ұзақ. Ауыл адамдарының "Аттан түсіп ас ішіңіздер" деген өтінішіне қарайлай алмадық. Ауыл молдасының ақ батасын місе тұтысып, ілгері жылжыдық.
Біз ауылдан шыға бергенде "Тоқтай тұрыңыздар" деген дауыс естілді. Тағы да сол ауыл әкімі Қалдыбала Оңғарқызы екен.
Сонымен артта Қорғалжынның қорығын, Өркендеу ауылын тастап, ілгері жылжыдық. Самат жолдағы Жәнтеке ауылына дейін шығарып салмақ болып бірге жүрді.Сіздерді қия алмадық, ауылдың шыға берісіндегі адресатта суретке түсіп қалайық, - деді ол.
Өркендеуден тура жүрсеңіз, Жәнтекені жанай өтетін Нұр-Сұлтан-Қорғалжын автожолына дейін 30-35 шақырым. Алайда жолда Майшұңқыр бар. Айналасы қопалы көл.
Айтпақшы, осы Майшұңқырдың маңында әйгілі "Дудар-ай" әнінде айтылатын Ащыкөл мен Тұщыкөл бар.
Ащыкөлдің жағасында Самат Өкешұлы бізбен қоштасып, ауылына қайтты. Алдағы сапарларға бірге шығуға уәделескен осы бір ақкөңіл жігітті барлығымыз жақсы көріп қалдық.
Түскі асты Жантекеден өтіп барып, бір шоқ теректің ортасында іштік. Жігіттер әзірге сыр берген жоқ. Бұған дейін жақын қашықтықтағы сапарларда бірге жүрген Сергей мен Темірбек болмаса, басқамыз алысқа төселіп қалғанбыз.
Бүгінгі қоналқа әу баста Оразақ ауылы болатын. Алайда Оразақ карантинде болғандықтан, Нұраның арғы бетіндегі Отаутүскен ауылын межелегенбіз. Тіпті Отаутүскенде Сәдібек Түгел ағамыз бізді дастархан жасап, күтіп отыратын болған еді.
Бұған дейінгі салт аттылар сапарында бағдаршы-навигатор болған. Ол қай жерде өзен, қай жерде көл барын анық көрсететін еді. Осы жолы бағдаршы болмағандықтан, бағытымыздан жаңылмас үшін алған бетімізден ат басын бұрмауға тырысамыз.
Астыма мінген Сұлусарының осындайда бір ерекшелігі - ештеңеден тайсалмайтындығы, алдында не кездессе де беті қайтпай, тіке тартатыны. Мұндай аттың бір жақсысы - сенімді, бір жаманы - батпақ, терең су дегенге қарамай, түсіп кететіні.
Жәнтекеден өткен соң алдымыздан жалпақ саз кездесті. Жолбасшы ретінде үнемі алдыда жүретіндіктен, арттағы жігіттердің амандығы маған байланысты. Анығы Сұлусарыға байланысты. Екі шеті 2 шақырымдай болатын сазға ат салуға тура келді. Абырой болғанда саз терең емес екен. Дегенмен суды шалпылдатып ұзақ жүру жүйкеге сыр беретінін байқадым.
Күн ыстық. Жүріс өнбейді. Сұлусарының жүрісіне шыдамай, кейбір аттар кейіндеп қала бастады. Топ екі бөлінді. Алдыңғы топта Дидар, Қайрат, Мерген төртеуіміз кеттік.
Артқы топта Берік аға, Темірбек, Сергейлер қалды. Бір жақсысы, Қорғалжын мен елорда арасындағы иен жазықта байланыс үзіле қоймайды. Артқы топпен телефон арқылы байланысып келеміз.
Сабындыға тақағанда артқы топтағылар су таусылғанын айтып, Сабынды ауылынан су алуды ұсынды. Бізде де су да, қымыз да біткен болатын.
Оразаққа дейін әлі 10-15 шақырым бар. Ал одан ары Отаутүскенге дейін қанша екені беймәлім. Күн еңкейіп барады.
Оразақтың тұсына келгенде әбден қас қарайды. Дидар Оразақтан кейінгі Бірлік ауылы мен Отаутүскен арасында Нұрадан өтетін көпір бар екенін айтты. Ендігі бағдар тек ауылдардың алыстан көрінген жарығын бағдарлап жүру.
Артқы топ бізге әлі жеткен жоқ. Оразақ ауылының тұсынан тура тартқанда қалың қамысқа келіп тірелдік. Ат сауырын сипаған қамыстың асты шылқылдаған саз. Жетектегі ат та жүріңкіремей келеді. Мына жолдың аяқталар түрі жоқ.
Соқырқойлап жүргенімізге екі-үш сағат болды. "Тозақ оттары жымыңдаған" ауыл әлі жеткізер емес. Арттағылар хабарласты. "Сарка" ақсап қалған екен. Ілдәбайлап әрең жүрміз дейді. Біз Бірліктен өттік. Қамыс әлі таусылған жоқ. Көпірдің қарасы көрінбейді.
Артқы топ Оразаққа енді жеткенін айтты. Біз көпірге таядық. Бірақ әлі жеткен жоқпыз. Сағат түнгі 12-ні көрсетті. Нұраның жағасы толған көлік. Жылт-жылт еткен от. Демалушылардың қарасы көп.
Түнгі сағат 1-ден 15 минут асқанда Бірлік пен Отаутүскен арасындағы көпірге жеттік. Енді Отаутүскенге бару үшін көпірден өтіп алып, артқа қарай тағы 4-5 шақырым жүру керек. Аттарға жаным ашып тұр. Артқы топқа хабарластым. Олар Оразақтың маңына қонатынын айтты. Мен Көпір аузына ұйықтап, ертең жолды осы жерден бастайтынымды айттым.
Біраз жігіт Қайролла ағаның машинасымен Отаутүскенге кетті. Қайрат екеуміз аттарды жайғастырып, далаға ұйықтадық. Бүгінгі күн бітпестей көрінді. Жамбасымыз жерге тигенде жаздың қысқа таңы құланиектеп келе жатқан еді...
Естеріңізде болса, Қорғалжын сапарынан бұған дейін де бірнеше жолжазба жазған едік. Алғашқысын мына жерден, ал екіншісін мына жерден оқуға болады.