Қордайдағы төбелес: Қамауға алынған азамат тергеу изоляторында өлі табылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматы тергеу изоляторында қамауға алынған Бекбол Кибаев қайтыс болды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін, 29 сәуір күні таңғы сағат 08.00-де Алматы қаласының тергеу изоляторында тергеумен қамауға алынған Кибаев Бекбол Мұхамедұлы камерада бірге отырғандармен сол жақ қолының білек тұсы кесілген күйінде дәретханадан табылған. Оған изолятордың медициналық қызметкерлерімен бірден алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Алайда, оны құтқарып қалуға мүмкіндік болмаған. Шақырту бойынша келген жедел жәрдем бригадасымен оның қайтыс болғаны тіркелген. Өлімнің алдын ала себебі қанын көп жоғалтуы болуы мүмкін, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Кибаев Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін ұсталып, тергеу изоляторына қамауға алынған болатын.
Оның қайтыс болу фактісі бойынша Алматы қаласының арнайы прокурорларымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Орын алған жағдай бойынша барлық мән-жайлар объективті зерттеліп, жұртшылыққа жеткізілетін болады.
Жаппай төбелеске 300-ге жуық адам қатысқан. Ауқатты ауылы және Бұлан Батыр ауылдарында жанжал шықты. Бұзақылар атыс қаруын қолданған.
ДСМ хабарлауынша, медициналық мекемелерге 170 адам көмек сұрап келді. Екі полицей зардап шеккен. Төбелес салдарынан 10 адам көз жұмды.
Сонымен қатар, 30-ға жуық үй, 15 сауда орталығы қираған, 23 көлік өртенген.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қарағандылық спортшылар үздік онлайн-батутистер атағына ие болды
Өзгелердің жаңалығы