Қоқысты дұрыс тастамау – айыппұл: заң не дейді?
Қазақстанда көшеге қоқыс тастау немесе оны белгіленбеген жерге қалдыру - жай ғана мәдениетсіздік емес, заң бойынша жауапкершілікке әкелетін құқықбұзушылық. “Заң мен тәртіп – 1 минутта” жобасының кезекті шығарылымында осы мәселе түсіндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, қоғамдық орынды ластағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, 434-2-бапқа сәйкес, көшеге қоқыс, темекі тұқылы немесе өзге де қалдықтарды тастағаны үшін жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. 2026 жылғы есеп бойынша бұл шамамен 21 мың теңгені құрайды. Құқықбұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл көлемі ұлғаяды.
Ал қоқысты белгіленбеген жерге тастау, яғни абаттандыру қағидаларын бұзу жағдайында жауапкершілік одан да қатаң. Бұл жағдайда 505-бап қолданылады. Аталған нормаға сәйкес, жеке тұлғаларға ескерту немесе 20 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Бұл шамамен 86 мың теңге.