29 Қыркүйек 2026, 13:55 Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Қоқысты бөлек жинаудың пайдасы бар ма? Сарапшы түсіндірді

Алматы тұрғындары арасында «Қоқысты сұрыптағанмен, бәрібір бір көлікке тиеліп кетеді емес пе?» деген сұрақ жиі қойылады. ECO Network жобасы мен Эко-Хабтардың негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов бұл мәселенің бірнеше қыры бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның сөзінше, бүгінде тұрғындар қалдықтарды бөлек жинап, таза пакеттерге салып тастағанның өзінде, оларды кей жағдайда бір қоқыс таситын көлік алып кетуі мүмкін. Алайда бұл сұрыптаудың маңызы жоқ дегенді білдірмейді.

Сарапшы Алматы маңында қалдықтарды қайта өңдеуге дайындайтын сұрыптау кешені жұмыс істейтінін еске салды. Онда қызметкерлер пластик бөтелкелерді, алюминий банкаларды және басқа да қайта өңдеуге жарамды заттарды қолмен іріктеп алады.

Егер тұрғындар қалдықтарды алдын ала бөліп, бөлек пакеттерге жинаса, сұрыптау кешеніндегі қызметкерлерге де жұмыс жеңілдейді. Бірақ бұл түпкілікті шешім емес, – дейді ол.

Мұхамеджановтың айтуынша, ең тиімді жол – тұрғындардың қалдықтарды өздері сұрыптап, арнайы қабылдау орындарына тапсыруы. Осы мақсатта қалада Эко-Хабтар платформасы дамытылып жатыр.

Жоба аясында Алматының түрлі аудандарында қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылуда. Олар кәдімгі қоқыс алаңдарына емес, адамдар жиі баратын қоғамдық орындарға қойылады. Контейнерлердің кейбірі алма, кроссовка секілді ерекше пішінде жасалған. Ал болашақта балық пішініндегі нұсқаларды орнату да қарастырылып жатыр.

Сарапшының айтуынша, мұндай тәсіл әлемнің көптеген елінде бұрыннан қолданылып келеді және тұрғындардың қалдықтарды бөлек жинауға деген қызығушылығын арттырады.

Біз орнатқан контейнерлер өте жылдам толады. Оларды босатып үлгерудің өзі қиын. Тұрғындардың басым бөлігі қалдықтарды дұрыс сұрыптап жатыр. Кейбір нысандарда ғана мәселелер кездеседі, ал қалғанының нәтижесіне көңіліміз толады, – дейді Евгений Мұхамеджанов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Алматы әкімдігі мен қалалық Экология басқармасымен бірге Эко-Хабтар желісін кеңейту мәселесі талқыланып жатыр. Болашақта мұндай инфрақұрылымдық нысандардың санын жүздегенге жеткізу көзделуде. Бұл әрбір тұрғынның қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды өткізу орнына жаяу барып келуіне мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қазақстанда экология мәселесіне бейжай қарамайтын азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Алайда экологиялық мәдениетті қалыптастыру ұзақ уақытты талап етеді және оны тек әлеуметтік жарнама мен үндеулер арқылы дамыту мүмкін емес. Бұл туралы Евгений Мұхамеджанов айтты.