Қоқысты әкімдер емес, тұрғындар төгеді – Павлодар облысының әкімі
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдегі еңбек нарығы мен экологиялық мәселелерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкімнің айтуынша, Павлодар облысындағы жұмыссыздық деңгейі – 4,8 пайыз. Бұл республикадағы ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Елімізде 405 мың экономикалық белсенді азамат болса, соның 180 мыңы Павлодар өңіріндегі өндіріс саласында еңбек етіп жүр. Ал бір ғана ірі кәсіпорынның өзінде 8,5 мың адам жұмыспен қамтылған.
Жалпы алғанда, Павлодар – индустриялық тұрғыда дамыған өңір. Сондықтан жұмыс таппай жүрген азаматтармен байланысты күрделі мәселе жоқ, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ Асайын Байханов "Оңтүстіктен – Солтүстікке" бағдарламасы аясында Павлодар облысына 5,5 мың адам қоныс аударғанын атап өтті. Оның айтуынша, көшіп келген азаматтардың барлығы жұмыспен қамтылған.
Жергілікті тұрғындардан бөлек, 1,5 мың қандасқа және оңтүстіктен көшіп келген 5 мыңнан астам адамға толықтай жұмыс берілді, – деді әкім.
Бұдан бөлек, облыс әкімі Павлодар қаласы мен өңір аумағында тіркеліп жатқан заңсыз қоқыс үйінділеріне қатысты да пікір білдірді.
Бұл – жүйелі мәселе. Тек біздің өңірге ғана емес, бүкіл елге тән жағдай. Көп аймақты аралап жүрмін, барлық жерде кездеседі, – деді ол.
Әкімнің мәліметінше, облыста заңсыз қоқыс үйінділеріне қатысты 326 факт тіркелген. Алайда мұндай жағдайлар жыл сайын азайып келеді деп айту қиын.
Бұл мәселе әр адамның сана-сезіміне тікелей байланысты. Қоқысты Өскеменнен немесе Семейден ешкім әкеліп жатқан жоқ. Оны өзіміздің тұрғындар төгеді. Қоқысты облыс әкімі де, ауыл әкімі де төкпейді. Қоғам өзгермейінше, бұл жағдай да өзгермейді, – деді Байханов.
Сонымен қатар ол Павлодар облысы еліміздегі ең таза өңірлердің бірі екенін атап өтті.
Облыста экологиялық мәдениеті жоғары азаматтар жеткілікті. Дегенмен, олқылықтар бар екенін мойындаймыз. Мұндай фактілер анықталған жағдайда, оларды жоюды толық бақылауға аламыз, – дейді өңір басшысы.