Қоқыстан энергия өндіру: Жаңа зауыттар мәселені шешуге қауқарлы ма?
Еліміздің үш мегаполисінде 293 млрд теңгеге қоқыстан энергия өндіретін ірі кәсіпорындар салу жоспарланған. Зауыттар барлық мәселенің шешімі бола ма?
Қазақстанда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жалпы құны 293 млрд теңге болатын қоқыс өңдеу зауыттары салынады. Жобалар іске қосылғанда кәсіпорындар тәулігіне 4 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықты өңдеп, жылу және электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл бастама полигондарға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған. Дегенмен жаңа кәсіпорындардың жұмысы қолданыстағы қайта өңдеу жүйесімен қалай үйлеседі? Қалдықты жағу отандық қайта өңдеу саласына қандай мүмкіндік пен тәуекел әкелуі мүмкін? BAQ.KZ тілшісі анықтап көрді.
Үш қалада қандай жобалар жүзеге асады?
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев жалпы құны 293 млрд теңгені құрайтын қоқыстан энергия өндіретін зауыттар салынатынын мәлімдеді. Жобалық қуатына сәйкес, Астанада тәулігіне 1 500 тонна, Алматыда 1 600 тонна, Шымкентте 1 000 тонна қатты тұрмыстық қалдық өңделеді. Сондай-ақ кәсіпорындардың электр энергиясын өндіру қуаты тиісінше 50, 60 және 24 МВт болады.
Осылайша, үш қаладағы кәсіпорындар тәулігіне жалпы 4 100 тонна қалдық қабылдай алады. Бұл жылына шамамен 1,5 млн тонна қалдықты қамтуға мүмкіндік береді.
Қалдықтарды басқару саласының сарапшысы Данияр Байғараевтың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын түзілетін коммуналдық қатты тұрмыстық қалдық көлемі шамамен 5 млн тоннаға жетеді. Демек, жаңа кәсіпорындардың жобалық қуаты осы көлемнің едәуір бөлігін қамтиды. Алайда сарапшы зауыттардың қуатын ғана емес, олардың қалдықтарды басқарудың жалпы жүйесіндегі орнын да ескеру қажет деп санайды.
Мәселен, оның дерегінше, Астанада тәулігіне шамамен 3 мың тонна қалдық түзіледі. Сондықтан жаңа зауыт іске қосылған күннің өзінде қаладағы барлық қалдықты бір кәсіпорынға бағыттау мүмкін емес. Қалған бөлігін сұрыптау, қайта өңдеу және полигондарға орналастыру мәселесі өзекті болып қала береді.
Егер тәулігіне 3 мың тонна қалдық түзілсе, ал зауыт оның бір бөлігін ғана қабылдайтын болса, қалған көлемнің қайда жіберілетіні маңызды. Оны полигонға апара ма, қайта өңдеу кешеніне бағыттай ма, әлде басқа кәсіпорындарға бөле ме? Мұның бәрі алдын ала нақты жоспарлануы керек, – дейді Данияр Байғараев.
Сарапшының пікірінше, жаңа жобаларды қолданыстағы қалдық өңдеу кәсіпорындарымен өзара байланыстыра отырып жоспарлау қажет. Өйткені Астанада қазірдің өзінде сұрыптау және қайта өңдеу кешені жұмыс істейді. Алайда оның тиімділігі төмен. Байғараевтың келтірген дерегіне сәйкес, кешенге жеткізілетін қалдықтың шамамен 0,9-1 пайызы ғана қайта өңделеді.
Осыған байланысты маман жаңа зауыт іске қосылғанда қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу кәсіпорындарының қызметі қалай ұйымдастырылатынына назар аударуды ұсынады.
Қалдықтарды жағу мен қайта өңдеу бір-біріне кедергі келтірмей ме?
Данияр Байғараев қалдықтарды басқарудың әлемде қолданылатын екі негізгі тәсілі бар екенін айтады. Біріншісі – қалдықтардың барлығын немесе басым бөлігін жағу арқылы энергия өндіру. Екіншісі – алдымен қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге жарамды бөлігін шикізат ретінде пайдалану, ал қалғанын ғана жағу.
Сарапшы екінші тәсілді анағұрлым тиімді деп есептейді. Оның айтуынша, бұл модель Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Онда қалдықтарды жағу жүйенің бастапқы кезеңі емес, қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарды кәдеге жаратудың соңғы сатысы саналады.
Еуропалық модельде алдымен қалдықтар жиналып, сұрыптауға жіберіледі. Қағаз, пластик, металл және басқа да қайта пайдалануға болатын материалдар өңделеді. Ал қалған бөлігі, яғни қайта өңдеуге келмейтін қалдықтар ғана жағылады. Осылайша, біз қалдықтан барынша ресурс алып, оның экономикалық құндылығын пайдаланамыз, – дейді сарапшы.
Ал қалдықтың басым бөлігін жағуға негізделген модельді ол Қытай тәжірибесімен байланыстырады. Бұл елде қалдықтарды жағу арқылы жылу және электр энергиясы өндіріледі. Мұндай тәсіл қалалардағы энергетикалық қажеттілікті өтеуге де бағытталған.
Дегенмен Байғараев Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы мен стратегиялық құжаттарында қайта өңдеуге басымдық берілгенін атап өтеді.
Атап айтқанда, 2025 жылғы 31 желтоқсанда Үкімет бекіткен Қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасында қайта өңдеу үлесін кемінде 40 пайызға жеткізу міндеті көзделген.
Осы тұрғыдан алғанда, сарапшы жаңа зауыттардың жұмыс тәртібі мен қолданыстағы қайта өңдеу саясатының өзара үйлесімді болғаны маңызды деп есептейді. Себебі қалдық жағу кәсіпорындары үздіксіз жұмыс істеуі үшін тұрақты шикізат көлемін қажет етеді. Инвесторлар да өз кәсіпорындарының бос тұрып қалмауына мүдделі.
Зауыт іске қосылған соң оның жұмысын тоқтатпауға тырысады. Себебі кәсіпорынның бір күн бос тұруының өзі инвесторға қаржылық шығын әкеледі. Сондықтан оған қалдық үздіксіз жеткізілуі қажет. Осы тұста қайта өңдеу кәсіпорындарына қанша шикізат қалатыны және қалдықтарды өңдеу саласындағы кәсіпорындар арасында бәсекелестік туындамай ма деген сұрақ бар, – дейді Данияр Байғараев.
Оның пікірінше, бұл ретте қалдықтарды жағу мен қайта өңдеуді бір-біріне балама ретінде қарастырмай, бір жүйенің өзара толықтыратын кезеңдері ретінде ұйымдастырған дұрыс.
Қайта өңдеуге болатын қалдықтар да шикізат саналады
Сарапшы қалдықтарды қайта өңдеудің экологиялық қана емес, экономикалық маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, қағаз, пластик, металл және басқа да материалдарды екінші рет пайдалану арқылы отандық өндірісті дамытуға болады.
Мысалы, макулатураны қайта өңдеу қағаз өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға шикізат береді. Бұл өз кезегінде кейбір тауарларды шетелден сатып алу қажеттілігін азайтуға мүмкіндік туғызады.
Біз қағазды қайта өңдеп, оны экономикаға қайтара аламыз. Бұл – импортты алмастырудың бір жолы. Қайта өңдеу кәсіпорындары қалдықты шикізатқа айналдырып, жаңа өнім шығаруы мүмкін. Сондықтан барлық қалдықты бірден жағуға бағыттау арқылы экономиканың осы бір әлеуетін жоғалтып алмауымыз керек, – дейді маман.
Ол қалдықтарды жағу зауыттары мен қайта өңдеу кәсіпорындарының экономикалық модельдері де әртүрлі екенін ескертеді. Біріншісі қалдықтан энергия өндіру арқылы табыс тапса, екіншісі өңделген шикізаттан жаңа өнім шығарады. Сондықтан олардың жұмысын салыстырудан гөрі, бір-бірімен қалай үйлесетінін анықтау маңызды.
Сарапшының пайымдауынша, ең тиімді жүйе – қалдықтарды жинау, сұрыптау, қайта өңдеу, ал өңдеуге келмейтін қалдықтарды жағу немесе қауіпсіз түрде көму. Мұндай тәсіл бір жағынан шикізатты экономикаға қайтаруға, екінші жағынан полигондарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Қалдықтардың нақты көлемі қалай бақыланады?
Сарапшы Астанада пилоттық жоба аясында қалдықтарды тасымалдауды цифрлық бақылау жүйесі енгізілгенін айтады. Жүйе арқылы әрбір контейнер алаңының жұмысы бақыланып, қоқыс таситын көліктердің қозғалысы мен жеткізілген қалдық көлемі тіркеледі.
Мәселен, қоқыс таситын көлік контейнер алаңына келгенде оның бастапқы және жұмыс аяқталғаннан кейінгі жағдайын фотоға түсіреді. Осы деректер арқылы қалдықтың шығарылғаны, көлікке тиелгені және қайта өңдеу кешеніне жеткізілгені бақыланады.
Байғараевтың пікірінше, осындай жүйе жаңа зауыттардың тұрақты шикізатпен қамтамасыз етілуіне де көмектеседі. Өйткені инвесторлар үшін қалдықтың жалпы көлемін білу жеткіліксіз. Оның нақты қайдан жиналатыны және кәсіпорынға қалай жеткізілетіні де маңызды.
Сонымен қатар сарапшы Павлодардағы кейбір қайта өңдеу кәсіпорындарының тәжірибесін мысалға келтірді. Оның айтуынша, қағаз және целлюлоза қалдықтарын өңдеуге арналған кәсіпорындар қажетті шикізат көлемін жинауда қиындықтарға тап болған. Бұл қалдықтарды жинау мен жеткізу жүйесінің толық қалыптаспағанын көрсетеді.
Ол ұлттық цифрлық платформаның жұмысы осы мәселелерді шешуге ықпал етеді деп санайды. Алайда бұл үшін тек ақпараттық жүйе құру жеткіліксіз. Қалдықтарды басқару тәртібін реттейтін заңнамалық тетіктер мен оны іске асыратын мамандандырылған құрылымдар да қажет.
Жаңа зауыттар тұрғындардың коммуналдық шығынына қалай әсер етеді?
Қоқыс жағу зауыттарының экономикалық тиімділігіне қатысты тағы бір маңызды мәселе – қалдықтарды жинау және тасымалдау тарифтері.
Данияр Байғараевтың айтуынша, мұндай кәсіпорындардың негізгі табыс көзі екі бағыттан қалыптасады. Біріншісі – қабылданған қалдық үшін белгіленген тариф бойынша төлем алу, екіншісі – қалдықты жағу арқылы өндірілген жылу энергиясын сату.
Маманның пікірінше, жаңа кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін қалдықтарды тасымалдау тізбегі қалай құрылатыны тұрғындардың коммуналдық шығындарына да әсер етуі мүмкін.
Мысалы, егер қалдықтар алдымен сұрыптау және қайта өңдеу кешеніне, одан кейін жағу зауытына жеткізілсе, тасымалдау мен өңдеуге жұмсалатын шығын артуы ықтимал. Ал полигонға көму құны да осы жүйеге қосылса, қоқыс шығару тарифіне қосымша салмақ түсуі мүмкін.
Мұнда барлық шығынды алдын ала есептеу керек. Қалдықтарды жинау, сұрыптау, қайта өңдеу, жағу және көму кезеңдерінің әрқайсысының өз құны бар. Егер бұл жүйе дұрыс ұйымдастырылмаса, түптеп келгенде шығын тұтынушы тарифіне әсер етуі мүмкін, – дейді сарапшы.
Сонымен бірге инвесторлар үшін қалдықтарды қабылдау көлемі мен жылу энергиясын сату шарттары маңызды. Байғараевтың айтуынша, мемлекет пен инвестор арасындағы келісімшарттарда жергілікті атқарушы органдардың міндеттемелері де ескерілуі керек.
Оның пікірінше, жобалардың экономикалық тиімділігін бағалағанда тек инвестиция көлемі мен өндірілетін энергияны емес, қалдықтарды жеткізуге, өңдеуге және тасымалдауға кететін барлық шығынды есепке алған жөн.
Маман сондай-ақ мұндай кәсіпорындардың жұмысына электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі де әсер ететінін айтады. Мәселен, оның дерегінше, Астанадағы бір зауыттың өзіне шамамен 50 МВт электр қуаты қажет болуы мүмкін. Сондықтан жаңа кәсіпорындарды іске қосу кезінде инженерлік инфрақұрылымның мүмкіндігі де ескерілуі қажет.
Қалдықтардың басқа түрлері де назардан тыс қалмауы керек
Данияр Байғараев қалдықтарды басқару мәселесін тек тұрмыстық қоқыспен шектеуге болмайтынын айтады. Оның сөзінше, құрылыс, медициналық, электрондық, өндірістік және тау-кен қалдықтарының да көлемін есепке алып, әрқайсысын өңдеудің нақты тетігін қалыптастыру қажет.
Қалдықтарды тек коммуналдық-тұрмыстық қоқыспен шектеуге болмайды. Қазақстанда құрылыс, медициналық, электрондық жабдықтар, пайдаланылған майлар, тау-кен және өнеркәсіп қалдықтары бар. Олардың әрқайсысының көлемін есепке алып, басқару жолдарын заңнамалық тұрғыда реттеу маңызды, – дейді сарапшы.
Ол рұқсат етілмеген қоқыс орындарының құрамына қатысты да мәселе көтерді. Сарапшы келтірген дерекке сәйкес, заңсыз қоқыс орындарының шамамен 40 пайызы коммуналдық қалдықтардан, ал 60 пайызы құрылыс және медициналық қалдықтардан тұрады. Әсіресе медициналық қалдықтарды арнайы өңдеу мен залалсыздандыру тәртібін сақтау маңызды.
Байғараевтың пікірінше, өндірістік қалдықтардың да экономикалық әлеуеті бар. Олардың кейбірін қайта өңдеу арқылы қосымша шикізат алып, жаңа жұмыс орындарын ашуға болады. Сондықтан қалдықтардың барлық түрін қамтитын бірыңғай басқару жүйесін қалыптастыру қажет.
Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қоқыс жағу зауыттарының салынуы қалдықтарды басқару жүйесіне жаңа мүмкіндік әкелуі мүмкін. Алайда жобалардың тиімділігі кәсіпорындардың қуатымен ғана емес, олардың қолданыстағы қайта өңдеу инфрақұрылымымен байланысына, шикізатпен қамтамасыз етілуіне және экономикалық тетіктеріне де тәуелді. Сарапшы Данияр Байғараевтың пікірінше, қалдықты энергия көзі ретінде пайдалану мен оны қайта өңдеп, экономикаға қайтару бағыттары қатар дамуы керек. Ол үшін алдымен қалдықтарды жинау, сұрыптау, есепке алу және жеткізу жүйесін біріздендіру маңызды.