Қоқыстан елтаңба тауып, үйіне ілген ер адам жауапқа тартылды: Себебі неде?
Жетісу облысында мемлекеттік рәмізге қатысты тараған ақпаратқа полиция түсініктеме берді. Азамат рәмізді тапқаны үшін емес, кейінгі әрекеті үшін жауапқа тартылған.
Жетісу облысында мемлекеттік рәмізге қатысты тараған ақпаратқа байланысты полиция ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Департаменттің мәліметінше, ақпараттық кеңістікте азаматтың мемлекеттік рәмізді тапқаны үшін жауапкершілікке тартылғаны туралы мәліметтер тараған. Алайда бұл деректер шындыққа сәйкес келмейді және қоғамды жаңылыстырады.
Полицияның хабарлауынша, азамат мемлекеттік рәмізді тапқаны үшін емес, одан кейінгі әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылған.
Атап айтқанда, ол мемлекеттік рәмізді тапқаннан кейін оған құрметсіздік танытып, әдепсіз түрде суретке түсіп, бұрмаланған сипаттағы бейнелерді жариялаған. Уәкілетті органның ұсынысы негізінде бұл әрекеттерге құқықтық баға берілген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай әрекеттер мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзу және оларға құрметсіздік таныту ретінде бағаланады, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
Осыған байланысты аталған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция өкілдері құқық қорғау органдары заң аясында әрекет ететінін атап өтті. Сондай-ақ қоғамда қате пікір қалыптастыратын бұрмаланған ақпарат таратпауға шақырды.
Сонымен қатар, тұрғындар мен БАҚ өкілдеріне тек ресми дереккөздерге сүйену ұсынылды.
Тағы оқи отырыңыздар: Мектепте ту өртеліп, елтаңба сындырылды: Шенеуніктер мәлімдеме жасады