"Қоқысқа көмілген Астана" атанбаудың амалы бар ма?
БҰҰ дерегіне сай жыл сайын әлемде 2,24 млрд тонна тұрмыстық қалдық шығарылады. Соның 55%-ы ғана бақылаудың арқасында қайта өңделеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Адамзат жылына 931 млн тонна азық-түлікті жарамсыз деп лақтырып, 17 млн тонна пластик қалдықты су экожүйесіне тастайды екен. Baidu.com порталы күніне әр адам 1 келіден астам қоқыс тастайтынын есептеп шығыпты. Бұл өндіруші, өңдеуші зауыт-фабрикалардың емес, сіз бен біздің күнделікті үйден шығаратын қоқыс пен қалдығымызға қатысты статистика.
Жер бетіндегі халық саны өскен сайын тұрмыстық қалдық көлемі ұлғаятыны да, бұл мәселе Қазақстанды айналып өтпейтіні де белгілі. Сондықтан ел астанасындағы тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің жай-күйін зерттеуді жөн көрдік. Себебі кейінгі жылдары Астанадағы көпқабатты үйлердің айналасындағы аузы-мұрнынан асып төгілген қоқыс жәшігін көрсек, таңғалмайтын болдық. Бұл шешімін таба алмайтындай шетін мәселе ме, соны зерттедік.
1-инфографика
Бүгіндері Астанада халық саны 1 млн 400 мыңнан асты. Осынша адамнан жылына 300 мың тонна айналасында тұрмыстық қалдық шығады (1-инфографика). Ал 2023 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 250 мың тоннаға жуықтады (Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының дерегі). Осы қалдықтар түрге бөлініп сұрыпталады. 2-инфографикаға көз салсақ, 2022 жылы жалпы коммуналдық қалдықтың көлемі 700 мың тоннадан асқан. Бұл әр астаналық күніне шамамен 1,5 келідей қоқыс тастағанын білдіреді. Әлгінде астанадағы қоқыс жәшіктері бірнеше күн бойы жиналмай қалатынын айттық. Себебі қалада барлық қоқысты таситын жалғыз ғана компания бар, сондықтан үлгермей жатады. Clean City NC ЖШС-да 70-тен аса техника бар. Оның ішінде сары контейнердегі қоқысты ақ түсті, жасыл және металл контейнердегі қоқысты қызғылт сары түсті машина тасиды. Талапқа сай қоқыс қалдығы тәулік сайын тасымалдануы керек.
2-инфографика
Clean City NC ЖШС Өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Айбек Тұрсынбековтың айтуынша, компания күніне шамамен 750-800 тонна, айына 24 000-25 000 тонна қоқыс қалдығын шығарады, қоқыс шығару кезінде контейнер маңына жеңіл көлігін қойып кететіндер, қыста қарды қоқыс жәшігі маңына үйіп тастау сияқты кедергі кездеседі. Қалай десек те, Clean City NC өз міндетін толыққанды орындап отырған жоқ. Мұны Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды басқару бөлімінің бас маманы Нұралы Елібаев те жоққа шығармайды. Сондықтан алдағы уақытта әр ауданға бір тазалық компаниясы қызмет ететін шешім қабылданып жатқанын жеткізді.
Фото: Абзал Қалиев
Қаулы дайын тұр. Қаулыға сәйкес конкурс өткізсек, әр ауданда бір-бір қоқыс шығаратын компания болады. Оған Clean City де қатыса алады, – деді ол.
Қоқыс қалдығын сұрыптайсыз ба?
Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта қаладағы 3916 контейнер алаңында жалпы 17 362 контейнер орналасқан. Оның 3991-і сары контейнер, 12 040-ы жасыл және металл контейнер, MOLOK жерасты контейнерінің саны – 638. Сондай-ақ, пластик жинауға арналған 84 контейнер бар. Экологиялық кодекстің 321-бабына сәйкес, 2018 жылы «құрғақ» және «дымқыл» фракциялар бойынша қалдықтарды бөлек жинау талабы енгізілген. «Құрғақ» фракцияға пластмасса, макулатура, шыны және металл қалдықтары жатады, «дымқыл» фракцияға гигиена құралдары, тамақ қалдықтары, керамикалық ыдыстар мен тоқыма бұйымдары кіреді. «Құрғақ» фракцияны жинау үшін пластикалық сары контейнер, «дымқыл» фракция үшін пластикалық жасыл және мырышталған металл контейнер қолданылады.
Фото: Абзал Қалиев
«Біз қала тұрғындарынан қалдықтарды ұқыпты сұрыптауды және оларды «құрғақ» және «дымқыл» фракцияға дұрыс бөлуді сұраймыз. Бұл қоқыс өңдеу зауытында қалдықты тиімді өңдеу мен қайта өңдеу деңгейін арттыруға көмектеседі», – дейді Clean City NC ЖШС өкілі.
Бұдан бөлек, Экология кодексіне сәйкес қалдықтар қауіпті және қауіпсіз болып та бөлінеді. Қауіпті қалдықтарға жарылысқа алып келуі мүмкін, құрамында мұнай компоненті бар бояулар, экотоксикология қасиеті бар қалдықтар жатады. Ал күнделікті шығып жатқан қаптамалар қауіпсіз қалдықтар тобына кіреді. Қоқыс жәшіктері арасындағы қызыл-сары түсті темір контейнер дәл осы қауіпті қалдықты жинауға арналған. Қала бойынша мұндай 609 контейнер бар, оған негізінен, батарейка мен шам тастауға болады. Бұл контейнерлерді НТП Kazecotech ЖШС алып кетеді.
Коммуналдық қалдықтардың қауіпті компоненттері бөлек жиналуға тиіс, қайта қалпына келтіру үшін арнайы кәсіпорынға беріледі. Астаналықтар айына сынап қалдықтарына арналған контейнерге құрамында сынабы бар 70 мыңға жуық шам тастайды. Былтыр сондай 661 371 шам жинадық. Біздің контейнерге басқа қалдықтарды салуға қатаң тыйым салынады. Өкінішке қарай, белгісіз адамдар контейнерді бүлдіреді, құлпын сындырады. Жылына орта есеппен 200-ден астам контейнер зақымдалады, – дейді НТП Kazecotech ЖШС инженер-экологы Айсұлу Жүсіпова.
3-инфографика
Қала тұрғындары қоқыс қалдығын сұрыптау мәдениетін меңгермегенін қоқыс жәшігіне қарап-ақ бағамдауға болар. Десе де арамызда экологияға жанашырлар да жоқ емес. Мұны арнайы жүргізілген сауалнамадан көруге болады. Сауалнамаға қатысқандардың 54,5%-ы қоқыстың бәрін сұрыптамай бір қалтаға салатынын айтса, 36,4%-ы сұрыптайтынын жеткізді. Ал 56,8%-ы контейнердің қандай қалдық түріне арналғанын білмейтін болып шықты. Қауіпті қалдық түріне арналған қызыл-сары контейнердің мақсатын білмейтіндер үлесі 47,7%-ды құрады. Сонымен бірге әр жолы қоқысты жалықпай сұрыптап, бөтелкелерді фандоматқа апарып өткізетіндер де бар. Олар, көп жағдайда, фандомат жұмыс істемей тұратынын айтады.
Фото: Абзал Қалиев
Жалғыз зауыт жабылудың аз-ақ алдында тұр
Астанада қоқыс қалдығын өңдейтін зауыт та жалғыз екен. Аstana Recycling Plant ЖШС зауыты 2008 жылы іргетасы қаланып, 2012 жылы өндіріске қосылғанда жарнамасы жер жарған болатын. Алайда алып шаһардағы тұрмыстық қалдық қабылдайтын жалғыз мекеменің бүгінгі жағдайы мәз емес.
Әдетте қаладан жиналған тұрмыстық қалдықтар алдымен осында жеткізіліп, сұрыпталады. Сұрыптау адам күшімен жүзеге асады. Өңдеуге келмейтін қалдықтар қоқыс полигонына көміледі. Зауыт алғашында күніне 400 тонна қалдық қабылдайтын. Кейін қалдық көлемі 2 есе артқан. Енді тәулігіне 1000 тонна айналасында қалдық жеткізіліп жатыр. Зауыт ары кетсе күніне 600 тонна қалдықты ғана өңдеуге қауқарлы.
Зауыттың бүкіл жабдығы ескіргендіктен, артық қалдықты қабылдай алмай жатыр. Мемлекеттен ақша алмайтындықтан да зауыттың қаржылық жағдайы да онша емес. Сол себепті Астана қаласы әкімдігі басқа зауыттарды іздестіріп жатыр. Мысалы, Қытайдың қоқыс жағу және одан электр қуатын алатын зауытын тартып жатырмыз, – дейді Нұралы Елібаев.
Аstana Recycling Plant зауытының бүгінгі жағдайын білу үшін зауыт директоры Баршагүл Сағымбековаға хабарласып ек, жауап ала алмадық. Зауыт директоры бұған дейінгі БАҚ-қа берген сұхбатында қала тұрғындарының 30 пайызы тұрмыстық қалдық үшін адам басына төлейтін 390 теңгені төлемейтінін, тарифтен жиналған ақша салық пен жұмысшылар жалақысынан артылмайтынын айтқан. Аталған зауыттың қазіргі жай-күйі «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасында көзделген 2030 жылға қарай қалдықтарды өңдеу деңгейін 30%-ға жеткізу тапсырмасының орындалмай қалуына ықпал етуі мүмкін.
Утилалымға қарсылықтың зияны тиді
2013 жылы мемлекеттік деңгейде қабылданған «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға қарай қалдықтарды өңдеу деңгейін 30%-ға жеткізу межеленген. Сөйтіп Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі (ӨКМ) – утилалым жүйесін енгізу қолға алынды. Ол 2016 жылы заңдық күшіне енді.
Біз күнделікті ішетін сусындар мен ішімдіктерді шығаратын компаниялар сол өнімінің қаптамасы үшін ӨКІМ операторына утилалым төлейді. Оператор утилалымнан жиналған ақшаны қаптама қалдықтарын жинайтын және өңдейтін компанияға конкурс өткізу арқылы үлестіреді. Бұл жүйе енгізілгенге дейін бізде қаптама қалдықтарын жинау, өңдеу деңгейі 6,2% болатын. 2021 жылы 21%-ға жетті. «Қаңтар оқиғасынан» кейін салалық министрлікте утилалым есебінен қалдық жинаушыларға ақша беру тоқтап қалды. Салдарынан қалдық жинаумен айналысатын 100-ге жуық кішігірім мекеме жұмысын тоқтатты, – дейді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының жетекшісі Лаура Мәлікова.
Есте болса, президент Петропавлдағы шылапшын шығаратын зауытқа барған-ды. «Радуга» деп аталатын бұл зауыттың бірнеше цехы бар. Соның бірі қалдықтардан шылапшын жасап шығаратын цехтың да жұмысы тоқтап қалған. Утилалым есебінен Өскеменде Қазақстандағы бірінші сұрыптау желісі іске қосылып, кейін әкімдік балансына берілген. Ақтөбеде де қалдықтарды сұрыптау желісі сатып алынғанымен, іске қосылған жоқ, әлі күнге қоймада жатыр. Өйткені қазіргі таңда қалдық жинайтын, қалдық әкелетін ешкім жоқ.
Қалдық өңдеуші қалдық жинаушы болмаса жұмыс істей алмайды. Осының бәрі ешқандай тарифті көтермей, халық қалтасына жүк салмай істелген шаруалар еді, – дейді эколог.
Шетел тәжірибесіне келсек, қалдықты мемлекет жинамайды, ұйымдастырады. Бізде бұйрыққа сол компания өзі жинайтыны, өзі өңдеуі керектігі, бұл жұмысты атқаруға қажет құрылғылары болуға тиіс екені жазылған. Ал оны енді ешкім жүзеге асырмайтыны анық.
Лаура Мәлікованың айтуынша, дамыған елдерде қалдықты өртеу технологиясы әлдеқашан жолға қойылған. Мысалы, Дания мен Австрияда қалдықты жағу арқылы энергия алады.
Қазақстан қоқыс полигондарында бүгіндері 120 млн тонна қалдық жиналған. Астана полигонының бірінші ұяшығына жиналған қалдық 4 млн тонна. Екіншісі де толып жатыр. Оның сұрыптау желісі 300 мың халыққа есептелген. Ал қазір халық саны 1 млн 400 мың. Сондықтан бар қалдықты сұрыптап үлгермейді, салдарынан қалған қалдық полигонға кетіп жатыр. Оны жағудан басқа жол жоқ. Экологтың пайымынша, қаптама қалдық утилалым есебінен жиналып, қайта өңделуі керек. Басқа қалдықтар тариф есебінен өңделеді. Ай сайын төленетін 390 теңгенің 60%-ы тамақ қалдықтарын өңдеуге жұмсалуы керек. Оны әкімдік ұйымдастырғаны жөн.
Лаура Мәлікова бір реттік пластик ыдыстарға тыйым салуды ұсынады.
Ұлыбритания бір реттік пластиктерді шығаруға, қолдануға тыйым салып жатыр. Қағаз ыдыстарды да қолданбауымыз керек. Қағаз ағаштан шығады. Бір реттік пакеттерге де үзілді-кесілді тыйым болуы керек, – деген пікірде.
Астаналықтар қалдық сатуға кірісе ме?
Жуырда «Жасыл даму» АҚ EcoQolday автоматтандырылған жүйесін таныстырды.
Қалдық жиналған кезде жеке немесе заңды тұлға мобильді қосымша арқылы жүйеге тіркеліп, жиналған қалдықты сататыны туралы өтініш қалдырады. Қалдық көлемі 30 кг кем болмауы керек. Одан әрі коллекторлар өз бағасын ұсынады және қалдық қалыптастырушыдан сатып алады. Коллектор ай бойы жинаған қалдық туралы деректі EcoQolday жүйесіне енгізеді және отандық қайта өңдеушілерге оны сататыны туралы хабарландыру жариялайды. Қайта өңдеушілер жиналған қалдықты сатып алу үшін баға ұсынады. Коллектор көңілінен шыққан сатып алушымен келісімшарт жасайды. Одан кейін жинаушы қалдықтарды тасымалдау жөнінде хабарландыру шығарады. Қалыптастырушы, яғни қалдық шығарушы тасымалдаушыны дербес таңдайды. Сонымен қатар қайта өңдеушіге дейін қалдықты жеткізу туралы шарт жасасады, – деді «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай.
Бір қызығы, халыққа жар салған жүйенің мобильді қосымшасы мен сайты 10 шақты күн өтсе де әлі іске қосылмай отыр.
Лаура Мәлікованың айтуынша, «Жасыл даму» АҚ ұсынған бұл жүйе екі жыл бұрын жасалған және жіті назар аударатын тұсы бар.
Қаңтар оқиғасынан кейін EcoQoldau жеке мекемеден «Жасыл дамуға» берілді. «Жасыл даму» – салалық министрліктің жанындағы мемлекеттік ұйым. Бірақ «Жасыл дамуға» өткен соң EcoQoldau жобасы екі жыл тоқтап тұрды. Екі жыл бұрын Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі (ӨКМ) жүйесіндегі проблемаларды талқылап, шешу жолын іздестірдік. Нәтижесінде аудиттің орнына цифрландыру енгізілді. Қалдықтарды жинаумен және қайта өңдеумен айналысатындардан талап етілетін 27-ге жуық құжатты 3-ке дейін азайттық. Қаптама қалдығын жинаушыларға берілетін төлем көлемін өсірдік. Енді ғана іске қосылып жатқан EcoQoldau-дың операторы «Жасыл даму» қалдықтарды жинайтын, өңдейтін жобаларға Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3%-бен несие бермекші. Егер Астанадан басқа қалалар сұрыптау желісін іске қосуға, контейнер қоюға несие алса, онда оның пайызы тарифке қосылады. Бұл – халықты қанау, – дейді эколог.
Фото: Абзал Қалиев
Оның пікірінше, экологиялық мәдениет бірден қалыптаспайды.
Еуропада алты ай бойы қалдық сұрыптау бағытындағы ақпараттық жұмысты тоқтатып тастау арқылы эксперимент жүргізілген. Сонда жарты жылда жол бойында қалдық көбейе бастаған. Қоқыс қалдығын сұрыптауды қалыптастыру үшін халықпен тұрақты жұмыс істеу қажет. Бір жерге билборд іле салып халық қалдық сұрыптамайды деу дұрыс емес. Халық өзі сұрыптаған қалдықтың, шынымен де, өңделіп жатқанын көруі керек. Бір тетікті баса салып бүкіл мәселені шешіп тастау мүмкін емес. Бұл – күрделі мәселе. Сондықтан ақпараттандыру үздіксіз жүруі керек, – дейді.
Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы мектеп бағдарламасына экология пәнін міндетті пән ретінде кіргенін қалайды. Бұрындары ЖОО-да болған экология сабағы қайта жаңартылса дейді. Ең бастысы, Мемлекеттік қызмет істер агенттігіне Экология министрлігіне баратын қызметкерлер Экология кодексінен тест тапсыратын тәртіп енгізуді ұсынбақ.
Кім кімді алдап жүр?
Экологтар қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыруда ақпараттандырудың маңызы зор екенін ұдайы айтады. Бұл жұмыс осыдан екі жыл бұрын қарқынды жүргенін Астана қаласындағы №77 «Қошақан» балабақшасы тәжірибесінен көреміз. Балабақша меңгерушісі Ләззат Рахменованың айтуынша, 2019-2021 жылдар арасында балабақшалар мен мектептерде экомәдениетті қалыптастыру бағытында жұмыс істелген. Сол кезде ӨКМ операторы ұйымдастыруымен мектеп мен балабақшаларда ерікті экочеллендж өткен.
Сол кезде «Менің экомектебім» («Моя экошкола жизни») деген сайт болды. Әрқайсымызға сайтқа кіретін код берілді. Сайтқа істеген жұмысымызды көрсететін фото, видео жүктеп отырдық. Оны комиссия қарайды да, балл береді. Жұмысты көбірек істеген сайын ұпай көбейеді. Өңделетін шикізатты кім көп тапсырса, сол ұжымға ӨКІМ операторы сертификат беретін. Мысалы, бізге 150 мың теңгенің сертификаты табысталды, оған кітап дүкенінен көркем әдебиеттер сатып алдық. Бұл акцияның пайдасы көп еді. Ата-аналарды да жұмылдырдық. «Қошақан» балабақшасы «Қазақстандағы экологиялық білім берудегі үздік ұйым» атанды, - дейді.
Фото: Майгүл Сұлтан
Бүгіндері мұндай акция өтпесе де, «Қошақан» балабақшасы қалыптасқан дәстүрге сай қағаздарды бөлек жинап, қалдық өңдеушіге жеткізіп жүр.
Айтқандай, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2023 жылы 19 желтоқсан күнгі Үкімет отырысында қоқыспен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыруға арнап балабақшадан университетке дейінгі оқу бағдарламасы дайындалғанын мәлімдеді. Кезекті брифингте министрден аталған бағдарлама туралы мол ақпарат алмақ мақсатында сұрақ қойдық. Министр аталған іс-шаралар жоспарын басқа министрлік (Оқу-ағарту министрлігі) дайындағандықтан, ол туралы ештеңе айта алмайтынын жеткізді. Ашық дереккөзден «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында экологиялық білім мен тәрбиені дамыту жөніндегі 2023-2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары Оқу ағарту министрлігінің 2023 жылғы 19 шілдедегі № 213 бұйрығымен бекітілгенін» анықтадық. Бірақ іс-шаралар жоспарының толық нұсқасы табылмады. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің көмегіне жүгіндік, жауап мардымды емес: «2020-2021 оқу жылынан бастап барлық жалпы білім беретін мектептерде жылына 9 сағат көлемінде сынып сағаттары Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп ауқымды экологиялық сынып сағаттарын өтетіні, 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл мектеп» әлеуметтік жобасы» жайлы айтылған. Жыл да, жоспар да сәйкес емес. Сондықтан қалалық 3-4 мектепке хабарластық. Олар экологиялық білім беріп жатқан жоқпыз деп жауап қатты.
Шетел тәжірибесі қандай?
Әдетте шешімін іздегенде шетел тәжірибесін де назарда ұстаймыз. Қалдықты қайта өңдеуде Оңтүстік Корея тәжірибесі көңіл аударарлық екен. Бұл елде қалдықтарды басқару туралы заң 1986 жылдан бері жүйелі жұмыс істеп келеді. Аталған заң 2007 жылға дейін 30 рет өзгертіліп, толықтырылған. Бұдан бөлек осы бағытта 10-ға жуық ереже мен жоба-жоспар жүзеге асқан. Дәл қазіргі уақытта қоқысты сұрыптаудың ең тиімді «Төрт жүйесі» жұмыс істеп тұр.
- «Қоқыстың мөлшеріне қарай төлем жасау» жүйесі – қайта өңделмейтін қалдықтар мөлшерін азайтуға бағытталған. Кез келген тұрғын өзі шығаратын қоқыстың мөлшеріне қарай түрлі сыйымдылықтағы қоқыс қалтасын таңдайды және соған байланысты жергілікті атқаршы органға төлем жасайды.
- «Сұрыптап жинау» жүйесі – бұл жүйе бойынша қоқыс қалталары қайта өңделетін және қайта өңделмейтін деп екі түрге бөлінеді. Төлем де қалталардың түріне байланысты жасалады.
- «Заңсыздықты әшкерелегендерге сыйақы тағайындау» жүйесі – кез келген тұрғын белгіленбеген орынға қоқыс тастағандарды әшкерелеу арқылы сыйақы алады. Сыйақы мөлшері айыппұлдың 80 пайызынан аспауы керек.
- «Қоқыс үйшіктері» жүйесі – қоқысты сұрыптап тастауға арналған арнайы контейнерлер және контейнерлер салынған машиналар маңызды орындарға, саябақтарға, балалардың ойын алаңы мен автотұрақтарға, демалыс орындарына орналастырылады. Қайда жүрсеңіз де «қоқыс үйшіктеріне» қалдықты сұрыптап тастауға мүмкіндік жасалған.
Фото: Korea Times photo by Hong In-ki
Оңтүстік Кореяда кейбір қаптамалардың сыртында оны қай қоқыс контейнеріне тастайтыны жайлы ақпарат беріледі. Ал қалдықты сұрыптамайтындарға қатысты мәселені шешу үшін 2021 жылы айыппұлға қатысты жаңа саясат енгізілді: қоқыс сұрыптамаған адамға салынатын айыппұл 100 000 воннан (33 700 теңге) 1 миллион вонға (337 000 теңгеге) дейін өсті.
Қоқыс полигондарын саябаққа айналдырған Латвия тәжірибесі де назарымызға ілікті. «URDA» табиғи-технология саябағы (қалдықтар полигоны) бүгіндері экологиялық білім беретін орталыққа айналған. Онда қалдықтардан арнайы музей ұйымдастырылған. Латвияда студенттерімен бірге тәжірибелік іссапарда болған Гүлмира Сатыбалдиеваның пікірін бірге оқиық. Ол С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Экология кафедрасының меңгерушісі.
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Қазақстанның қоқыс полигондарында қоқыс үйінділері алыстан менмұндалап тұрады, жан-жаққа ұшып жатқан қағаз бен полиэтилен пакеттерінен көз ашпаймыз. Айналасында ұшып жүрген құс та, кеміргіштер де кездеседі. Жанынан көлікпен өткенде жағымсыз иіс қолқаны қабады. Ал Латвиядағы «URDA» саябағын қалдық полигоны деуге қимайсыз. Құс қондырмауы үшін арнайы дыбыс шығаратын құрылғы орнатылған, жерасты суын ластамау үшін арнайы төсем төселген, қоқыстар жан-жаққа ұшпауы үшін арнайы материалмен жабылған және оның түсі жасыл болғандықтан көзге оғаш нәрсе байқалмайды. Жиналған жауын-шашын суын тазалайтын құрылғы да орнатылған. Бұл мекемеде бүкіл қалдық сұрыпталып, жинақталып, келесі кәсіпорынға шикізат ретінде сатылымға дайын тұрады, – дейді ғалым.
Мәселенің шешімі бар ма?
Жер шарының «өкпесін қабындырып», жағдайын нашарлатып жатқан фактор өте көп. Соның бірі – қалдықтың қайта өңделмеуі адамзат қолымен жасалып жатыр. Ертеректе көшпелі өмір салтын ұстанған аталарымыз көшіп бара жатып жұртына қағылған қазықты да қалдырмай, суырып кетіп отырған екен. Онысын «Жер бауыры сыздайды» деген бір ауыз сөзбен түсіндіре салған. Ал біз жүрген-тұрған жерімізге ыдыраса зардабы мың жылға дейін қалатын қоқысты ойланбай тастай саламыз. Сондықтан бұл мәселенің ең негізгі шешімі адам санасына байланысты. Әр адам мейлі ол қызметте, мейлі ол үйде жүрсін, Жер-ана алдындағы құрметі мен жауапкершілігін сезінсе, көп мәселенің түйіні шешіледі. Ал атқарушы билік не істей алады?
Бұл орайда біріншіден, жүйелі, тұрақты ақпараттандырудың маңызы зор. Бұқаралық ақпарат құралдарына берілетін мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында қоқыс қалдықтарының қайта өңделуі туралы материалдар жарияланып тұрса...
Екіншіден, Астанадағы жалғыз қоқыс өңдеу зауытының мәселесіне бейжай қарамай, жетілдіруге инвестиция тарту; Қалдық өңдеу зауыттарының жылдық қуатын арттыру мәселесіне көңіл бөлу.
Үшіншіден, утилалым арқылы қалдық жинаушы мекемелер мәселесіне назар аудару; Олардың жабылуы қалдықтың тасымалдаусыз қалуынан бөлек, жұмыссыздық мәселесін туындататынын ескеруіміз керек.
Төртіншіден, қалдық сұрыптау мәдениетін қалыптастыру үшін ынталандыруды қолдау, қоқыс қалдығы үшін төлемге жеңілдік қарастыру;
Бесіншіден, қоқыс салынған дорбаны контейнерге салуға ерініп, көше бойына, тұрғын үйлер дәлізіне тастап кететіндерге айыппұл салынған жағдай туралы тұрғындарға хабарлап отыру.
Майгүл СҰЛТАН
Дисклеймер: Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.