Қоқыс тастайтындар қатаң жазалануы керек – Бектенов
Қоршаған ортаны ластаған азаматтар қатаң жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың баяндамасынан соң Үкімет басшысы Олжас Бектенов тазалық мәдениетіне қатысты сұрақ қойды.
Жаз айларында көптеген адам табиғат аясына демалуға шығып, артынан қоқыс қалдырып кетеді. Жалпы тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді ол.
Экология министрі халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру үшін түрлі акциялар өткізілгенін айтады. Іс-шараларға 45 мың адам қатысып, 1200 тоннаға жуық қоқыс жиналған. Сондай-ақ тазалық сақтау бағытында санитарлық қызмет құрылғанын да атап өтті.
Министр өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптарды сақтамаған азаматтар үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Мәселен биыл 42 азаматтың заң бұзғанын анықтадық. Оларға 2 млннан астам теңгеге айыппұл салынды. Осы бағытта жұмыс жалғасады, - дейді Нысанбаев.
Бектенов жұмысты әрі қарай күшейтуді тапсырды.
Экология және Ішкі істер министрлігі қоршаған ортаны ластаған адамдарды жауапкершілікке тартуға тиіс. Оларға қатысты қатаң шараларды қабылдай отырып, кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн, - дейді Олжас Абайұлы.
Еске салайық, бұған дейін елорда тазалығы қандай жүйемен қамтамасыз етілетіні жазылған.