Қоқыс сұрыптау зауыты және BASQA brand – ақмолалық мектеп оқушылары бизнес жобаларын ұсынды
Ақмола облысының жас кәсіпкерлері "Табысты старт"байқауында өздерінің бизнес-жобаларын қорғап, өзара бақ сынасты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шара "Ақмола дарыны" дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау орталығының базасында өткізілді. Жарқын идеялардың қатарында қоқыс сұрыптау зауыты, свитшоттарға дәйексөздерді кестелеу, былғары өндірісі сияқты тың жобалар бар.
Байқауда Ақмола облысының 10-11 сыныптарының 47 оқушысы өзара бақ сынасты. Конкурс онлайн-форматта екі турда өтті.
Тарқатып айтар болсақ, оқушылардың бизнес-жобаны қорғау және кәсіпкерлік негіздерін меңгерген білімдері сарапталды. Қазылар алқасының құрамында өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, жергілікті жоғары оқу орындарының қаржы және экономикалық пәндер оқытушылары болды.
Оқушы балалар бірінен бірі асқан зерек екен. Солардың қатарына Атбасар қаласындағы № 3 мектептің оқушысы Рүстем Мұстафинді қоссақ әбден лайық. Оны экология мәселелері толғандырады. Он бірінші сынып оқушысы "қоқыс сұрыптау зауыты" бизнес-жобасын таныстырды. Оның басты мақсаты жақын маңдағы қалалардан шыққан барлық қатты тұрмыстық қалдықты өз кәсіпорынында сұрыптау.
Ол үшін пластик пен қағазды престеу жөніндегі жабдықты сатып алу керек. Әрі қарай сұрыпталған шикізат отандық қайта өңдеу және қайталама материалдарды өндіру зауыттарына жіберіледі, - дейді ғылыми жетекші Светлана Ломакина.
Оқушының ой пайымына сүйенетін болсақ, бұл жоба қазіргі қиын геосаяси жағдайға байланысты қазақстандық кәсіпорындар тап болған шикізат тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Алдын ала жасалған есепке сүйенетін болсақ, бұл жобаны жүзеге асыру үшін 83 миллион теңге қаражат қажет, ал өтелу мерзімі – небәрі тоғыз ай. Яғни, бизнес өте тиімді, – деп қосты педагог.
Қоқыс сұрыптау зауыты Атбасарда оннан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көптеген бос жұмыс орны мүмкіндігі шектеулі азаматтарға шақталған. Ерекше екпін түсіре атап өтерлігі бұл жоба байқауда үздік деп танылып, байқауда бірінші орынды иеленді.
Ал Жарқайың ауданындағы Державинск қаласының 10-сынып оқушысы Данил Постных өзінің тәлімгері Аслан Манатовпен бірге кесте тігу, свитшоттарға ұлылардың ой пайымын кестелеу бойынша бизнес-жоспар жазған екен. Бұл жоба жоғары сынып оқушылары мен студенттердің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз дейді олар.
Біз жастардың арасында кең сұранысқа ие сәнді киімдерге яғни свитшоттарға қанатты фразалар, дәйексөздер кестеленеді. Мысалы, ақындардың философтардың, танымал саясаткерлердің ой пайымдары өрнектеледі. Осылайша, жоба коммерциялық негізден басқа, рухани-адамгершілік тәрбиенің элементтерін қамтиды. Мен киімде жиі мағынасыз жазуларды, логотиптерді немесе бірдей анимелерді ғана емес, сонымен қатар мағыналы нәрселерді де көргім келеді. Бұл әннің жолдары болса да, – деп бөлісті Аслан Айтжанұлы.
Жоба жабдықтарды – кесте тігу машиналарын, "Шикізатты" – дайын жемпірлер мен материалдарды – арнайы жіптерді сатып алуды көздейді. Артықшылықтардың ішінде Данил модельдік киімге деген тұрақты сұранысты, сату арналары мен жеткізу схемаларының үлкен таңдауын, эксклюзивті тапсырыстар бойынша жұмыс істеу мүмкіндігін атайды.
Балалар көптеген бизнес-бастаманы ұлттық құндылықтармен сабақтастыра білді. Мысалы, атакәсіп - тері өңдеу өндірісі, таяқшадағы құрт, BASQA brand киімін тігу-қазіргі заман мен көне заманның симбиозы…
47 жобаның үздік үштігіне жеті жұмыс кірді. Жеңімпаздар дипломдармен және сыйлықтармен, ал олардың педагогтері облыстық білім басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды.
Әсел Тұрар