Қоқыс полигонындағы өрт: Алатау қаласында төтенше жағдай режимі енгізілді
Алатау қаласында қоқыс полигонында шыққан ірі өртке байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілді. Өртті сөндіру төртінші күн жалғасып жатыр, халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі қалалық әкімдікке сілтеме жасап.
Оперативтік қызметтердің мәліметінше, төтенше жағдай режимін енгізу қосымша ресурстар тартуға және өрттің салдарын жою жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік береді. Өртті сөндіруге күшейтілген өрт сөндіру бригадалары, құтқарушылар мен арнайы техника жұмылдырылған. Барлық ведомствоның жұмысы тәулік бойы үйлестіріліп жатыр.
Өрт үлкен аумақты қамтығандықтан, төтенше жағдай режимін енгізу барлық қажетті күшті тартуға мүмкіндік береді. Қабылданған шаралар салдарды тезірек жоюға бағытталған. Жағдай үнемі бақылауда, – делінген ресми хабарламада.
Билік өкілдері қазіргі уақытта халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ екенін атап өтті. Дегенмен тұрғындарға сабыр сақтап, дүрбелеңге берілмеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге кеңес берілді.
Өрттің шығу себебі әзірге анықталған жоқ. Жағдай тұрақтанған соң арнайы тергеу жүргізіліп, төтенше жағдайдың себебі белгілі болады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысындағы тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіру жалғасып жатқаны хабарланған болатын. Қатты түтіннің салдарынан Алматы – Талдықорған тас жолы жабылған еді.
Алматы маңындағы ауыл тұрғындары қоқыс полигонынан шыққан түтінге тұншығып отырғаны жайлы да хабарланған болатын.