Қоңыз қаптаған. Ресейдегі пансионатқа демалуға кеткен оқушылар қайта оралады
Атырау облысы Құлсары қаласындағы тасқыннан зардап шеккен отбасындағы 174 оқушы Ресейдегі лагерьге демалуға жіберілген еді. Алайда олардың 10-нан астамы елге қайта оралатын болды. Бұған пансионаттағы бөлмеден шыққан жәндіктер себеп, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құлсарылық оқушылар Ресей Федерациясына қарасты Ставрополь өлкесі, Железноводск қаласы, Иноземцево поселкесіндегі “Қазақстан геологы” емдеу пансионатына жіберілген еді. Алайда бара сала бөлмелердің бірінде қоңыз қаптағанын көріп, оны ата-аналарына бейнежазба арқылы жіберген. Балаларына жасалған жағдайға риза болмаған ата-аналар түн ортасында Құлсары қаласының әкімдігіне жиналып, оқушыларды кері қайтаруды талап етіпті.
Міне түнгі сағат 02:00. Ата-аналардың бәрі Құлсары қаласындағы әкімдіктің алдына жиналып жатыр. Балаларымыз лагерьге кеткен болатын. Барған беттері сол еді, демалып үлгерместен кері қайтамыз деп отыр. Біз соны талап етудеміз. Сол үшін шықтық. Бөлмелерінде тарақан қаптап кетіпті. Оны бізге бейнежазба арқылы көрсетті. Кейбір ата-аналар хабарласып, сөйлесіп, өз көздерімен де көрген, - дейді видео авторы.
Шыққан шуға қатысты Облыстық білім беру басқармасының өкілдері жауап берді. Сөздерінше, бір ғана бөлмеден анықталған жәндіктердің адамға еш зияны жоқ. Қоңыздар ол аумақта жаңбырдан кейін күрт көбейіп, ашық тұрған терезеден кіріп кеткен.
Су тасқыны кезінде қиындық көрген отбасындағы балаларды демалуға жіберген болатынбыз. Күзгі демалыстары жақсы өтсін деген мақсатта ұйымдастырылды. Қоңыздардың таралуына байланысты ата-аналардың шағымы болып жатыр. Балалар барған уақыттың алдында сол елдімекенде бірнеше күн жаңбыр жауған. Содан кейін күн қатты жылынып кеткен уақытта табиғи құбылыс деп айтсақ болады, “черепашка” деп атайды өздері, сол қоңыздар көбейіп кеткен. 6-корпустың ішінен терезелердің ашық қалуына байланысты кіріп кеткен. Қазіргі уақытта қарсы болып жатқан ата-аналар бар. Дегенмен дені қалып, демалысын жалғастыруға келісіп тұр. 14 баланы кері қайтару бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Жолға шығатын болады, - дейді Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова.
Жауаптылар ғимараттарда кестеге сай, бірнеше мәрте дезинфекция жүргізілетінін айтады. Келеңсіздік болғаннан кейін де қоңыздар жиналып, бөлме лезде тазаланған.
Ол жерде алдын ала бірнеше мәрте дезинфекция жүргізілген. Бүгінгі күні арнайы комиссия құрылып, олар барып, қазіргі уақытта ол қоңыздың адам баласына ешқандай зиянының жоқтығын және ол қоңыздың жергілікті жердегі табиғи құбылысқа байланысты, сол кезде көбеюіне байланысты, ауада ұшып жүруіне байланысты ашық жерлерден еніп кеткендігін айтып отыр. Ал өзге ғимараттарда мүлдем қоңыз жоқ болып шықты, - деді Орынтай Молдашқызы.
Басқарма басшысының орынбасарынан “Қайта оралған балаларды өзге лагерьге орналастыру мүмкіндігі бар-жоғын” да сұрап көрдік. Лауазымды тұлға ол сауалға да жауап берді.
Өз еріктерімен кері қайтарылған балаларды дәл қазір басқа лагерьге орналастыруға немесе жіберуге мүмкіндік жоқ. Себебі оның бәрі ертерек жоспарлану керек. Жол ақысын бөлу, жүретін билеттерін алудың өзі уақытты талап ететіні белгілі. Сондықтан ондай мүмкіндікті қарастыра алмаймыз. Келесі аптада балалардың сабақтары да басталып кетеді, - деді Орынтай Молдашқызы.
Ресей Федерациясындағы Бештау тауының етегіндегі жерде орналасқан “Қазақстан геологы” емдеу пансионаты коммуналдық қазыналық мемлекеттік мекемесі 2001 жылдан бері Қазақстанның меншігінде. Нақтырақ айтсақ, Атырау облысы Білім беру басқармасының балансында. Соңғы 23 жылдан бері үзбей жұмыс істеп тұр. Мұнда жыл сайын мұнайлы өңірдің оқушылары ғана жіберіледі. Балалар демалысын сонда өткізеді. Мәселен былтырдың өзінде ол пансионатта 1500 бала, биылғы жаз мезгілінде 1320 бала демалып келген. Мекеме облыстың бюджетінен қаржыландырылады. Демалыс уақыты үшін бір балаға күніне бөлінетін ақша 8506 теңгені құрайды.
Емдеу пансионаты экологиялық таза, курортты аймақта орналасқан. Жан-жағының бәрі орманмен қоршалып тұр. Онда табиғи жолмен шығатын минералды су, бұлақ көзі, яғни бювет бар. Сондай өңірге Атырау облысының оқушыларын жібергендегі мақсат та сол. Балалардың таза жерде денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік беріп, жақсы демалыс ұйымдастыру. Мекеме келушілерді 12 ай бойы қабылдайды. Ондағы қызмет көрсететін мамандардың бәрі сол жердің жергілікті тұрғындары. Ал әр уақытта демалысқа барған балалардың қасында біздің елдің мұғалімдері мен жауаптылары да болады. Мысалы, осы жолы 174 оқушымен бірге өңірден 18 жетекші мұғалім демалысқа кеткен. Лагерьде қалуға келіскен оқушылар Ресейде 4 қарашаға дейін болып, демалысын өткізеді.
Ата-аналардың алаңдамауы үшін пансионат әкімшілігімен тұрақты байланыс орнатылған екен. Интернет желісін қолдану жағынан да еш кедергі жоқ.