Қоңырау соғылғанмен, қорқыныш кетпейді: Мектеп неге қауіпсіз орта болудан қалды?
Қазақстанда соңғы кездері мектеп оқушылары арасындағы буллинг, зорлық-зомбылық, қатыгездік көріністері жиілеп, қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Сарапшылар бұл жағдайды жекелеген оқиғалармен байланыстырмай, терең әлеуметтік және рухани дағдарыстың салдары ретінде бағалайды. Мәселенің түп-тамыры қайда жатыр? BAQ.KZ тілшісі осы сұрақты сарапшылар мен білім саласы мамандарынан сұрап көрді.
Елді дүрліктірген Атырау мектебіндегі жағдайдың мән-жайы
Өткен аптада Атырау облысындағы мектептердің бірінде жасөспірім оқушының балтамен сыныптастарын қуалағаны туралы бейнежазба әлеуметтік желілерге тарап, қоғамды дүр сілкіндірді.
Ресми дерекке сәйкес, оқиға барысында бірнеше оқушы жеңіл жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген. Күдікті жасөспірім полицияға жеткізіліп, іс кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның қарауына берілді. Оқиғаға байланысты ата-ананың да жауапкершілігі қаралып жатыр.
Бұл жағдай мектептердегі қауіпсіздік, бақылау және балалар арасындағы агрессия мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.
Министрлік буллингпен қалай күреспек?
Атырау облысында болған оқушылар арасындағы әлімжеттік, буллинг фактісі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осы жағдайға байланысты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова пікір білдіріп, буллинг пен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі министрлік үшін өзекті бағыт екенін атап өтті.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігі оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты мейлінше азайту, сондай-ақ буллинг пен әлімжеттіктің алдын алу және оны жою мақсатында кешенді әрі жүйелі шараларды жүзеге асырып келеді.
Осы бағытта былтыр министр Жамбыл және Қызылорда облыстарына арнайы барып, күштік құрылымдармен және прокуратура өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кеңестер өткізген. Ал өткен аптада осындай форматтағы кеңес Түркістан облысында министрдің орынбасарының қатысуымен ұйымдастырылды.
Аталған кездесулердің барлығы буллинг мәселесінің Оқу-ағарту министрлігі үшін аса маңызды әрі назарда тұрған мәселе екенін көрсетеді.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, балалар арасындағы буллинг, төбелес, әлімжеттік сияқты келеңсіз жағдайлардың әрқайсысына басқарушылық тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да міндетті түрде баға берілуі қажет.
Сонымен қатар министр мұндай жағдайлар тіркелген сайын тек мектеп директорын қызметтен босата беру мәселесіне сақтықпен қарау қажеттігін атап өтті.
Әсіресе оқу жылының ортасында директорларды жиі ауыстыру – жүйелі шешім емес. Егер әрбір осындай жағдайдан кейін директорлар қызметтен босатыла беретін болса, болашақта мектептерге басшы болуға ниетті азаматтар табылмай қалуы мүмкін, – деді министр.
Министрдің пікірінше, буллинг сияқты ауқымды әрі күрделі проблема үшін жауапкершілікті тек бір мектеп директорының мойнына арта салуға болмайды.
Бұл – мектеп әкімшілігінің, педагогтердің, ата-аналардың, білім беру басқармаларының, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдардың ортақ жауапкершілігі. Сондықтан аталған мәселені шешу үшін жан-жақты зерделеу жүргізіп, ортақ әрі жүйелі шешімдер қабылдау қажет, – деп санайды Сүлейменова.
Министр атап өткендей, мектеп қабырғасында орын алған кез келген құқық бұзушылыққа, оның ішінде балалар арасындағы буллинг пен әлімжеттікке басқарушылық және құқықтық тұрғыдан баға берілуі тиіс. Қолданыстағы заңнамада буллингке байланысты әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған.
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігінен Атырау облысына арнайы комиссия жіберіледі. Комиссия өңірдегі бірқатар мектептерде тексеру жүргізіп, арнайы зерделеу жұмыстарын атқарады. Тексеру қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылданып, ең бастысы, буллингтің алдын алу жолдары талқыланады.
Оқу-ағарту министрі мектеп қабырғасындағы буллинг пен әлімжеттіктің алдын алу және оны толық жою үшін педагогикалық қауымдастық, уәкілетті мемлекеттік органдар, білім басқармалары, ата-аналар мен жалпы қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.
Бұл мәселе тек бір мекеменің немесе бір адамның күшімен шешілмейді. Сондықтан біз ортақ жауапкершілік пен жүйелі қадамдар арқылы ғана нақты нәтижеге жете аламыз, – деді министр.
Шетелдік тәжірибе: әлімжеттікке қандай нақты шешім қолданылады?
АҚШ: Әлімжеттік көрсеткен оқушы уақытша немесе толық мектептен шығарылады. Ауыр жағдайда іс ювеналды сотқа өтеді. Кей штаттарда ата-ана айыппұл төлейді немесе міндетті тәрбиелік курстан өтеді.
Қытай: Әлімжеттік анықталса, іс мектеп әкімшілігі мен жергілікті білім басқармасы деңгейінде міндетті түрде тіркеледі. Оқушыға қатаң тәртіптік жаза, психологиялық түзету, сынып немесе мектеп ауыстыру шаралары қолданылады. Ауыр немесе жүйелі зорлықта полиция араласып, ата-анаға тәрбиелік жауапкершілік жүктеледі, ал мектепке бақылау күшейтіледі.
Оңтүстік Корея: Әлімжеттік ресми түрде тіркеледі және мектеп жанындағы School Violence Committee (арнайы комиссия) қарайды. Комиссия шешімімен оқушыға ескерту, мәжбүрлі кешірім сұрату, психологқа жіберу, сынып/мектеп ауыстыру шаралары қолданылады. Ауыр немесе қайталанған жағдайда полиция араласып, іс жасөспірімдер істері бойынша заң аясында қаралады, ал шешім оқушының ресми білім құжаттарында тіркелуі мүмкін (жоғары сыныптарда).
Ұлыбритания: Буллинг анықталса, дереу тергеу басталады. Қайталаған оқушы мектептен шығарылады, кейде полиция араласады. Мектеп әкімшілігі әрекет етпесе, өздері жауапқа тартылады.
Франция: Буллинг қылмыстық құқық бұзушылық ретінде заңда бекітілген. Жүйелі қорлау үшін айыппұл немесе түзету шаралары қолданылады. Ауыр салдар болса, ата-ана мен мектеп те тексеріледі.
Жапония: Негізгі басымдық – ерте анықтау және психологиялық бақылау. Агрессия байқалса, оқушы міндетті түрде психологқа жіберіледі. Ата-ана бақылаусыз қалдырса, әлеуметтік қызмет араласады.
Финляндия: Әлімжеттік бүкіл сыныптың мәселесі ретінде қаралады. Психолог, мұғалім, ата-ана бірлесіп шешім қабылдайды. Нәтиже болмаса, оқушы басқа мектепке ауыстырылады.
«Қоғам қатыгезденіп бара жатыр – бұл рухани деңгейдің әлсіреуінен»
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың айтуынша, бүгінгі қоғамда қатыгездік күшейіп, адамдар арасындағы қарым-қатынас өзгерген.
Оның сөзінше, әлеуметтік желілерде тарап жатқан видеолар мен оқиғалар қоғамды бейжай қалдырмайды.
Бүгінгі қоғамда, өкінішке қарай, әлеуметтік желілерді қарап отырсаңыздар, қабырғамызға бататын жағдайлар көбейіп кетті. Қоғам қатыгезденіп бара жатыр. Баланың әке-шешеге деген қарым-қатынасы, ата-ананың балаға деген қарым-қатынасы өзгерді. Күш көрсету, соққыға жығу сияқты жағдайлар тек ата-ананың балаға жасаған әрекеті ғана емес, кейде баланың ата-анаға қатысты іс-әрекеті ретінде де көрініп отыр, – дейді депутат.
Аманжол Әлтай мұндай жағдайлар кездейсоқ емес екенін, бұл мәселені терең зерттеп, жүйелі түрде қарау керектігін айтады.
Бұл – жай ғана бір-екі оқиға емес, жүйелі түрде қолға алатын мәселе. Қоғамда салауаттылық, парасаттылық, Абай айтқан ақылы нұрлы, жүрегі жылы, қайратты адам бейнесі әлсіреген кезде осындай салдарлар пайда болады, – дейді ол.
Депутаттың пікірінше, қазіргі қоғам рухани тәрбие мен кітап оқудан алыстап, әлеуметтік желілердің жетегінде кетіп бара жатыр.
Қазір кітап оқуға емес, рухани тәрбиеге емес, TikTok пен басқа да әлеуметтік желілердің жетегінде кетіп қалдық. Соның салдары өзін көрсетіп жатыр. Сондықтан құрылтайларда айтылып жүрген “кітап оқитын ұлт” қалыптастыру, қоғамдағы қатыгездікке қарсы жүйелі жұмыс жүргізу туралы Президент тапсырмалары бекер емес, – деп ойын айтты Әлтай.
Ол ұлттық тәрбиенің үзілмеуі аса маңызды екенін атап өтті.
Қоғамда мейірімділік болмаса, ұлттық тәрбиенің желісі үзілмеуі керек. Қазақтың баяғыдан келе жатқан “ұят болады”, “обал болады” деген ұғымдарынан алыстап бара жатқанымыз алаңдатады. Мұндай көріністерді өңірлердегі нақты оқиғалардан көріп отырмыз, – деді Мәжіліс депутаты.
«Бала тәрбиесі отбасынан шығып кетті»
Білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанұлы қазіргі бала тәрбиесі бұрынғы түсініктен мүлде өзгергенін айтады.
Қазір бала тәрбиесі деген өте үлкен ұғым. Бұрын “қалай тәрбиелеу керек?” деп айтсақ, бүгінде бала тәрбиесі тек отбасында ғана жүретін процесс емес. Тіпті, отбасында толыққанды тәрбие беру мүмкін болмай қалған деңгейге жеттік, – дейді ұстаз.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда баланы тек ата-ана емес, оны қоршаған бүкіл орта тәрбиелейді.
Қазір баланы қоршаған орта – телефон, мектеп, қоғам – бәрі тәрбиелейді. Негізгі салмақ баланың ортасына түсті. Сондықтан ата-ана әр жас кезеңінде баласының ортасына мән беруі керек: қандай мектепке барады, кіммен араласады, телефонда кіммен сөйлеседі – бәрін қадағалап, реттеп отыру ата-ананың ең үлкен жұмысы, – деді Ахметжанұлы.
Сарапшы ата-аналардың жиі жіберетін қателігін де атап өтті.
Кей ата-аналар “баламды тойдырдым, киіндірдім, телефон алып бердім, iPhone ұстаттым — болды, міндетімді орындадым” деп ойлайды. Бірақ баламен диалог жоқ, күнделікті сырласу жоқ. Бұл – бала тәрбиесіндегі ең үлкен олқылықтардың бірі, – дейді ол.
«Мектепте балаларды қатыгездікке ешкім үйретпейді»
Астана қаласындағы №102 мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Күләш Саргелтаеваның айтуынша, балалардың мінез-құлқы мен қатыгездігі ең алдымен отбасында қалыптасады.
Барлық нәрсе отбасылық тәрбиеден шығады. Мектепте балаларды қатыгездікке ешкім үйретпейді. Қазір ата-аналардың көбі “баламның тамағы, киімі болса болды” деп ойлайды. Бірақ балаға ең керегі – мейірім мен назар, – деп айтты педагог.
Ұстаздың сөзінше, бала көргенін қайталайды.
Бала үйде не көрсе, соны істейді. Қатыгездікті де сол отбасынан алып келеді. Қазір интернеттің ықпалы өте күшті. Instagram, түрлі сайттар – баланың қандай контент көріп отырғанын көп ата-ана бақыламайды. Ал интернеттегі кейбір дүниелер үлкендерді де шошытады, – деді Саргелтаева.
Ол ата-аналардың жауапкершілігін күшейту қажеттігін ерекше атап өтті.
Бұрын тәртіп бұзған балалардың ата-анасына ресми хат жазылып, тәрбиесімен айналысуға міндеттелетін. Қазір бұл жауапкершілік әлсіреп кеткен. Ата-ананың жауапкершілігін нақты тетіктер арқылы күшейту керек, – деп айтты мұғалім.
Мектеп, буллинг және педагог мәртебесі
Күләш Саргелтаеваның айтуынша, мектептерде буллингтің алдын алу бағытында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.
Бізде “Адал ұрпақ” бағдарламасы бар. Педагогтер, психологтар тәулік бойы байланыста. Құқық қорғау органдарын, ата-аналарды тартамыз, тренингтер өткіземіз. Сол үшін ауыр жағдайлардың алдын алып отырмыз, - деп атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтты елордалық мектеп ұстазы.
Алайда мұғалімдердің мүмкіндігі шектеулі екенін де жасырмайды.
Қазір педагог мәртебесі көбіне қағаз жүзінде ғана. Мұғалім бір нәрсе айтса, ата-ана бірден шағым жазады. Біз баланы өз баламыздай тәрбиелегіміз келеді, бірақ оның да шегі бар – ол біреудің баласы, – дейді ол.
Ұстаз сөзін әл-Фарабидің танымал тұжырымымен түйіндейді.
Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Біз білімге ұмтыламыз, бірақ тәрбие ақсап тұр. Ал тәрбие бірінші орында тұруы керек. Тәрбиелі бала өзі-ақ оқиды, өзі-ақ ізденеді, – дейді ол.
Сарапшылардың пікірінше, мектептегі зорлық-зомбылық пен қатыгездік – бір ғана білім беру жүйесінің мәселесі емес. Бұл – отбасы, ата-ана жауапкершілігі, рухани тәрбие, интернет және қоғамдық бақылаудың әлсіреуінен туындаған кешенді проблема. Оны шешу үшін мектеп, ата-ана және мемлекет бір бағытта, жүйелі түрде әрекет етуі қажет.