Қонаевтың жеке құжаттары Президент Архивіне өткізілді

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың құжаттары мемлекеттік сақтауға берілді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Дінмұхамед Қонаевтың жеке архиві Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне өткізілді. 

Қазақстанның саяси тарихы көрініс тапқан құжаттарды Дінмұхамед Ахметұлының мұрагері, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекшісі Диар Асқарұлы Қонаев (Асқар Ахметұлы Қонаевтың баласы) тапсырды. Соның негізінде ҚР Президенті Архивінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жеке тектік қоры жасалады, бұл қайраткердің өмірбаянын толық зерделеуге мүмкіндік береді әрі сол арқылы Қазақстанның тарихына жаңа деректер мен дәйектер толықтырылатындығын білдіреді. 

Біздің Архивте Қонаевтың қызмет кезіндегі құжаттары сақталғанын айта кеткен жөн. Ол Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінде жұмыс істеген кезеңінде қол қойған өкімдік құжаттары, іскерлік хат-хабарлары, баяндамалар және жазбалары бар. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев мұрасы Президент Архивінің мақтанышына айналарына сенімдімін. Бұл құжаттар мұрағатқа тапсырылғаннан кейін не күтіледі? Біз ғылыми сараптама жасап, құжаттарға өңдеу жүргіземіз, сондай-ақ кеңейтілген ғылыми-анықтамалық аппарат көмегімен егжей-тегжейлі тізімдемелер жасаймыз. Барлық құжаттарға сипаттама беріліп, олар мемлекеттік есепке алынады, әр бет нөмірленеді, – деді ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Президент Архивінен
Өзгелердің жаңалығы