Бүгiн 2026, 01:25 Фото: Қонаев әкімдігі

Қонаевтағы желкенді спорт орталығы әкімдік қарамағына өтті

Нысан Қапшағай су қоймасының оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан.

Желкенді спорт оқу-жаттығу орталығы Қонаев әкімдігінің коммуналдық меншігіне қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұған дейін нысан "Қонаев" ӘКК» АҚ-ның қарамағында болған. Қонаев әкімдігінің қаулысына сәйкес, желкенді спорттың оқу-жаттығу орталығы қаланың коммуналдық меншігіне мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің теңгеріміне өтеусіз қабылдап алынды. Теңгерімдік құны – 31 649000 теңге. Нысан Қапшағай су қоймасының оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан. Аумағы – 2 гектар, нысанның ауданы – 380 шаршы метр.

Бүгінде Қонаевта желкенді қайық спорт түрін дамыту көзделіп отыр. Осы мақсатта екі жол қарастырылады, бірі - бюджет есебінен нысанды жаңғырту болса, екіншісі – инвесторларды тарту арқылы орталықтың жұмысын жандандырып, ғимаратты жаңалау. Қазіргі таңда инвесторлардан бес түрлі жоба түсіп, қарастырылып жатыр, – деп жазылған әкімдіктің таратқан хабарламасында.

Қала басшысы осы түйткілді бақылауға алуды әкім аппаратына тапсырды.