Қонаевтағы Қапшағай су қоймасында екі жас суға батып қаза тапты
Қайғылы оқиға шомылуға арналмаған жерде болды.
Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасында шомылуға арналмаған жерде суға түскен екі жас көз жұмды. Бұл туралы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қайғылы оқиға 1 шілде күні «Джаса» демалыс аймағы маңында болған. Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментіне суға түсу кезінде екі адамның жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен.
Құтқарушылар жеткенге дейін демалушылар 2006 жылы туған қыздың денесін судан тауып, жағаға шығарған. Екінші адамды іздеу үшін Алматы облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жұмылдырылып, іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылды.
Іздестіру жұмыстары үздіксіз жүргізілді. 2 шілде күні таңертең құтқарушылар Қапшағай су қоймасының жағалауынан 2004 жылы туған жігіттің мәйітін тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, ол қаза тапқан қызбен бірге суда болған.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға тағы да шақырды. Ведомство тек арнайы жабдықталған жағажайларда ғана шомылуға, шомылуға тыйым салынған орындарға бармауға және су айдындарының маңында балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.