Қонаевта студент қызды өлтіргендер 17 жылға сотталды

Алматы облысында жас қызды сақамен ұрып өлтірген екі жігіттің сот үкімі шықты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметіне сәйкес, осы жылдың 6 наурызында сотталушылар жәбірленушімен ортақ танысы арқылы танысып, жәбірленушіні уақытша бір жерге орналастыруды өтінген. Осы мақсатта Алматы қаласында пәтер жалға алынған.

Ал 12 наурызда сотталушылар жәбірленушінің смартфонын комиссиялық дүкеннен жасырын  сатып алып, оны 240 мың теңгеге сатқан, ал түскен қаражатты жеке мақсатта пайдаланған.

Жәбірленушінің смартфонды қайта сатып алу керектігін айтқаннан кейін сотталушылардың қылмыстық ниеті пайда болды. Осы мақсатта, 15 наурыз күні түнде сотталушылар жәбірленушіні үйіне апару сылтауымен онымен бірге жолға шығып, сағат 02:00 шамасында Қонаев-Қазақстан автожолының 36-шақырымына жетіп, жолдан шығып, ашық учаскеге тоқтаған. Сотталушылар кезек-кезек жәбірленушіні битамен ұрып-соғып, оны бензинмен өртеуге тырысқан, содан кейін олар оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші алған жарақаттарынан сол жерде қайтыс болған.

Сот үкімімен Қ. және С. өздеріне тағылған іс-әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - деп хабарлады облыстық соттан.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы