Қонаев қаласында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды

Бұл туралы депутат Жанболат Жөргенбаев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, Қапшағай су қоймасының кәріз суымен ластануы ауқымды экологиялық апатқа әкелуі мүмкін.  

Сенатор әсіресе, Алматы облысының облыс орталығындағы кәріз суларын тазарту құрылыстарының жай-күйіне және өңір тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін Қапшағай су қоймасына ағынды сулардың түсу қаупі жоғары екендігіне алаңдаушылық білдірді.

Қонаев қаласының кәріз тазарту құрылыстары 1968 жылы пайдалануға берілді, бұл ретте ғимараттар мен құрылыстар 100% тозған. Су қоймасы Балқаш көліне дейін ластанған жағдайда ауқымды экологиялық апат орын алуы мүмкін. Қазіргі жағдайда Қонаев қаласының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Тез арада қаланың кәріз-тазарту құрылыстарын реконструкциялауға қаражат бөлу қажет, - деді сенатор Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Сенатор депутаттық сауалында саяжай тұрғындарының мәселесін де көтерді. Белгілі болғандай, Алматы қаласы маңындағы саяжай тұрғындары әлеуметтік нысандардың жоқтығына, жолдың нашарлығына, ауыз судың сапасыздығына, электр қуатының жиі сөнуіне және қоғамдық көліктің келмейтініне шағымданады. Сондай-ақ ауыл мәртебесінің жоқтығынан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында саяжайларға инфрақұрылым жүргізу қарастырылмаған. Ал Алматы облысында 183 мыңнан астам адам тұратын саяжай бар.

 «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заңына сәйкес стратегиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайларын есепке алып және санитарлық нормаларды қарастыра отырып, саяжайларға елді мекен мәртебеcін беру бойынша кешенді жоспар қарастыру қажет. Егер саяжайлардағы тұрғындардың 183 мыңы Алматы сынды алып мегаполистің айналасынндағы аудандарда тұратындығын ескерсек, олардың елдімекен мәртебесін алуы, оңтүстік астананың жүктемесін жеңілдетіп қана қоймай, облыстың да өркендеуіне өзіндік серпін береді, - деді сенатор Жанболат Жөргенбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы