Қолжетімді баспана мен 10 пайыздық салық: Қазақстан қоныс аударғысы келетін шетелдіктерді несімен қызықтырады?
Қазақстанда өмір сүру әлемдегі ең қолжетімді елдердің бірі саналады. Сонымен қатар тұрғын үй бағасы көптеген мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мұндай бағаны жыл сайын 192 елді қоныс аудару үшін тартымдылығы бойынша салыстыратын халықаралық Rumavi консалтингтік компаниясы жариялады.
Рейтингте Қазақстанның басты артықшылығы – өмір сүру құнының қолжетімділігі. Бұл көрсеткіш бойынша ел 100 балдың 98,4-ін жинаған. Ал баспананың қолжетімділігі 86,3 балмен бағаланған. Зерттеу авторларының мәліметінше, Қазақстандағы тұрғын үй бағасы әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Сондай-ақ валюталық және банк жүйесі де жоғары бағаланып, 87 балға ие болған.
Шетелдіктерді Қазақстанның салық жүйесі де қызықтырады. Rumavi елде жеке табыс салығының бірыңғай 10 пайыздық мөлшерлемесі қолданылатынын атап өткен. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан 78 балл жинаған. Бұдан бөлек, шетел азаматтары пәтерлер мен коммерциялық жылжымайтын мүлікті күрделі келісімдерсіз өз меншігіне сатып ала алады.
Қауіпсіздік көрсеткіштері де жоғары бағаланған. Қарулы қақтығыстар қаупі бойынша Қазақстан 72 балл, саяси тұрақтылық бойынша 61 балл, ал климаттық қауіптер, яғни табиғи апаттар қаупі бойынша 81 балл жинаған. Зерттеу авторларының бағалауынша, Қазақстанға виза алу да аса қиын емес. Бұл көрсеткіш 68 балмен бағаланған.
Осының нәтижесінде Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастады. Жалпы рейтингте ел әлем бойынша 77-орынға тұрақтаған. Сонымен қатар Rumavi қоныс аударудың түрлі мақсаттарына арналған бес арнайы рейтингте де Қазақстанды өңірдегі көшбасшы ретінде көрсеткен.
Әлемдік рейтингтерде Қазақстан:
-
цифрлық көшпенділер мен салықтық тартымдылық бойынша – 60-орын;
-
кәсіпкерлер үшін – 68-орын;
-
зейнеткерлер үшін – 70-орын;
-
отбасылар үшін – 76-орын иеленген.
Зерттеу авторлары Қазақстанның цифрлық көшпенділер үшін тартымдылығына ерекше назар аударған. Цифрлық көшпенділер – қашықтан жұмыс істейтін және әлемнің кез келген елінде тұруға мүмкіндігі бар адамдар.
Индекс елдерді төрт негізгі бағыт бойынша 24 көрсеткіш арқылы бағалайды. Олар: қаржы және салық жүйесі, өмір сапасы мен денсаулық сақтау, қауіпсіздік пен тұрақтылық, сондай-ақ қоныс аудару мүмкіндіктері.
Рейтингті әзірлеу кезінде Rumavi халықаралық ұйымдардың, соның ішінде Дүниежүзілік банктің, Mercer компаниясының және Global Peace Index зерттеуінің деректерін, сондай-ақ өзінің бағалау әдістемесін пайдаланған.