"Қолы байлаулы": Қарағандыда анасы 4 жасар баласына қатыгездік көрсетіп, үйге қамаған

Қарағандыда 4 жасар бала қатыгездікке ұшырап, қолы байлаулы күйде үйде қалған. Оқиғаны көршілер байқап, балаларды қорғау органдарына хабарлаған. Қазір бала әкесінің қамқорлығында, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Алғашында әйелінің балаға дұрыс қарамайтынын оның бұрынғы күйеуі байқаған. Ер адам әйелімен ажырасқанымен, ұлын үнемі көріп тұрған. Кездесулердің бірінде әкесі баланың денесінің көгерген жерлерін көрген. 

Әкесі кезекті рет телефон соққан кезде баланың анасымен бірге тұрмайтынын естіген. Бала зорлық-зомбылықтың салдарынан анасынан ажыратылып, балаларды қолдау орталығына орналастырылғанын білген. 

Белгілі болғандай, анасы баланың қолын байлап, үйде оны жалғыз қалдырып, өзі кетіп қалған. Баланың ұзақ жылап жатқанын естіген көршілер есіктің саңылауы арқылы қараусыз қалған баланы көрген. 

Қолы байлаулы бала жылап, бөлмені айналып жүгіріп жүрген. Содан кейін көршілер жедел жәрдем шақырған.

Сарапшылар баланың көгерген жерлерін денсаулыққа жеңіл зиян ретінде бағалады. Сонымен қатар, балада психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, ЖРВИ, салмақ жетіспеушілігі және педагогикалық қараусыздық белгілері анықталған, – деп хабарлады Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.

Кейін көршілердің шағымы бойынша бала Балаларды қолдау орталығына орналастырылды. 

Әйел ата-аналық міндеттерін орындамағаны және кәмелетке толмаған балаға қатыгездік көрсеткені үшін кінәлі деп танылды (ҚК-нің 140-бабының 2-бөлігі). Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баланың ауыр халі анасымен бірге тұрған кезінде пайда болғанын анықтады, - деп жазылған хабарламада. 

Сот анасы баласын жалғыз қалдырып, оның қолын байлау арқылы оған нақты қауіп төндіргенін атап өтті. Қорғаншылық және қамқоршылық органдары баланың мүдделеріне сәйкес келетін қорытынды ұсынды.

 Осы мән-жайлар бойынша сот баланың әкесінің талаптарын толығымен қанағаттандырды. Баланың анасының ата-ана құқықтары шектелді. Ал баланың тұрғылықты жері әкесімен бірге болуы анықталды. Анасына алимент төлеу міндеттелді, ал әкесі оны төлеуден босатылды, - деп жазылған сот хабарламасында. 

Кейіннен әкесі ұлын өзінің ата-анасымен бірге тұратын алты бөлмелі жайлы жеке үйіне апарған. Қазір бала әкесімен және ата-әжесімен бірге тұрады.

Еске салайық, бұған дейін "түнімен телефон ұстап, таңертең оянбады" деп баласын ұрған ер адамға үкім шыққан болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы