Қолтаңбамыз асфальтта қалды - тас қалаушы
Бүгін – тамыздың екінші жексенбісінде елімізде Құрылысшылар күні аталып өтіледі. Құрылыс саласы – Қазақстан экономикасының негізгі секторларының бірі екені белгілі. Мереке күні BAQ.KZ тілшісі осы салада 33 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан маман, жол жұмыстарының бригадирі Ғайдар Жоламановпен сұхбаттасты.
- Ғайдар Қазисұлы, өміріңіздің 30 жылдан астам уақытын тас қалау ісіне арнапсыз. Жалпы, бұл салаға қалай келдіңіз?
- Бұл кәсіпке мен бала кезімнен қызықтым. Яғни кішкентай күнімнен ата-анам еңбекке баулып өсірді. Кез келген жұмысты ауырсынбай істей беретінбіз. Содан бері міне, отыз жылдан астам уақыт бойы осы саладамын. Қазіргі таңда «BCN Group» ЖШС-да жол жұмыстарының бригадирімін. Қарапайым жұмысшыдан бастап бригадирлікке дейін көтерілдім.
- Бригадаңызда қанша адам бар? Міндетіңізге не кіреді?
- Бригадамда 25 шақты адам бар. Жол жөндеу жұмыстарымен айналысамыз. Соның ішінде, тас төсеуіштерді төсеуден бастап, жиектастарды орнатамыз. Асфальт төсейміз. Былайша айтқанда, жолды абаттандырумен айналысамыз.
- Жұмыс күніңіз нешеде басталады?
- Жұмыс күніміз таңертең 7-ден кешкі 5-ке дейін жалғасады. Мен осы бригаданың жұмысына толықтай жауап беремін. Кім тас, бетон төлейді, кім қандай жұмысты істейді, соны бөліп беріп, жұмыстың атқарылуын қадағалаймын.
- Бұл кәсіптің ең басты талабы не?
– Бірінші – төзім, екінші – дәлдік. Тас қалап, жиектастарды орнатуда қателікке орын жоқ. Сонымен қатар физикалық күш, төзімділік те маңызды. Қыстың суығында да, жаздың аптап ыстығында да жұмыс істеуге дайын болуың керек. Қолыңа алған әрбір материал – сенің қолтаңбаң. Әріптестеріме де үнемі осыны айтып отырамын.
- Отбасыңызбен осы салада жүр екенсіз. Балаларыңыздың ішінен жолыңызды кім жалғады?
- Достарыма «Жол жұмысын абаттандырушылар әулетіміз» деп әзілдеймін. Жұбайым Елена Қалиақпарқызы сылақшы болып біраз жұмыс істеді. Қазір бала тәрбиесімен үйде. Жан жарым екеуміз бес бала тәрбиелеп отырмыз. Үлкен ұлым Тимур Жоламанов менің жолымды қуып, осы салада еңбек етіп келеді. Қазір қарап отырсам, отбасымызбен жалпы алғанда жұмыс өтіліміз – 36 жыл екен.
- Есте қалған ерекше жұмысыңыз бар ма?
- Алматыдағы белгілі тұрғын үй кешені – «Нұрлытаудың» салынуына атсалыстық. Сол есімде қатты қалыпты.
- Қазіргі жастардың бұл салаға келуі жайлы не ойлайсыз?
- Қазір жастар аз келеді. Көбі жеңіл жұмыс іздейді. Ал құрылысшының қолынан нәпақа үзілмейді. Бұл – сұранысы ешқашан тоқтамайтын мамандық. Жігіттерге айтарым – үйренуден қашпаңдар.
- Алдағы арман-жоспарларыңыз қандай?
-Өзім білетіннің бәрін жас мамандарға үйреткім келеді.
- Әңгімеңізге рахмет!