"Қолқа салудың" түйеге жүк артқанда пайдаланатын "қолқаға" қатысы жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көпшілік тарапынан жиі айтылып, әлеуметтік желілерде көп талқыланған тақырыптардың бірі "қолқа салу" тұрақты тіркесіндегі қолқа сөзі.

Қолқа салды тұрақты тіркесін әркім әртүрлі талдап, қолқа сөзінің мәнін ашуға тырысып бағуда. Алайда кейбір талдаудың "халық этимологиясы" сипатына ие екендігін байқауға болады.

Біз бұл фразеологизмдегі қолқа сөзінің мәнін ашу үшін көне және қазіргі түрік тілдері деректеріне жүгініп көрдік.

Сонымен, түрік тілдері деректеріне сүйенсек, қолқа "өтініш, қалау, тілек" мағынасындағы ұғым екен.

Мысалы, көне ұйғыр жазба ескерткіштерінде "тілеу, сұрау, өтіну" мәніндегі қол- етістігінен жасалған "өтініш айтушы; өтініш білдіруші" дегенді білдіретін қолтғучы (EUTS 2011: 181) туынды сөзі қолданылған.

Құтты білікте болса, қолтғу сөзі "өтініш, тілек, талап" (KB.4275) мәніне ие.

XIV ғасырда қолтқа тұлғасына дейін өзгеріп, Хорезм дәуірі ескерткіші Муқаддиметүл-едеб жазбасында "тілек, өтініш" (ME.151-6) мағынасында жұмсалған.

Сол дәуірдің Мүминүл-мүрит атты жазба ескерткішінде қолғу (MM.375/4) түрінде де қолданылған.

Қазіргі түркі тілдеріне келсек, тек қарайым тілінде сақталған қолтқа сөзі "дұға, бата, тілек" (КРПС 1974: 369) мағынасында жұмсалуда.

Сайып келгенде, жоғарыда келтірген тіл деректері негізінде қолқа салу тұрақты тіркесін "өтініш айту, өтініш/тілек білдіру, бұйымтайлау" деп түсіндіріп бере аламыз.

Фразеологиялық сөздікте қолқа салу тіркесіне "қимас, қымбат затын қалау, сұрау" (ҚТФС 2007: 190) деген анықтама берілген.

Сонымен, талдап отырған фразеологизм құрамындағы қолқа сөзі сөздіктерде берілген "жүректен денеге қан тарататын ең ірі және басты тамыр; кеңірдек пен өкпенің түйіскен жері" және "жүк артқан түйенің тарту арқанының дәл төске келетін жеріне өткізіліп қоятын жең сияқты киіз" (ҚӘТС IX 2011: 735) мағыналарындағы қолқа сөзіне қатысы жоқ.

Бұл түрік тілдеріндегі "өтініш" мағынасындағы қолқа сөзімен байланысты болу керек. Қолқа атауының түбірі – "өтініш айту" мәніндегі қол- етістігі.

Түйеге жүк артқандағы қолқа болса, ол жеке сөз, яғни омонимдес атау болу керек. "Өтініш, тілек" дегенді білдіретін қолқа да бұдан бөлек ұғым. Бұл дегеніміз қолқа салды тіркесіндегі қолқа тұлғасының "түйеге артар қолқамен" байланысы жоқ дегенді білдіреді. Екеуінің арасында байланыс бар дегеннің өзінде қолқа салу-дың қолқа ету, қолқа қылу, қолқа айту деген варианттарын қайда жібереміз?

Қолқа-ның "өтініш, тілек" мәніндегі сөз екендігінің қосымша дәлелі ретінде қолқа салу тұрақты тіркесінің "қолқа етті, қолқа қылды" деген нұсқаларының қатар қолданылуын айтуға болады. Тіпті қырғыз тілінде қолқо қыл- және қолқо ет- түрінде жұмсалады. Қолқаңды ал "тілегініңді ал" дегенде де "тілек" деген мән ашық көрініп тұр емес пе?!

Сал- етістігінің "қою, арту" деген мағыналарынан бөлек "жіберу, тастау" (дүние салды) мәнінің бар екенін білеміз. Одан бөлек зат есімдерден кейін келіп, "ет-, қыл, жаса" мәнін тудыратын көмекші етістік функциясын да атқарады: ән сал, жар сал, сурет сал, т.с.с. Осының бәрін есептей келгенде, қолқа салу-ды сөзбе-сөз "өтініш жасау/ету/қылу, өтініш/тілек білдіру" деп аудара аламыз.

"Сөз тапқанға қолқа жоқ" дегенде де қолқа сөзінің "тілек, өтініш, талап, артық сөз, ауыртпалық, бұйымтай" мағынасы ашық көрініп тұр.

Естеріңізде болса, жазушы замандасымыз Ұларбек Нұрғалымұлы "Сөз тапқанға қолқаның қандай қатысы бар?" атты мақаласында түйеге жүк артқанда пайдаланатын бұйым – қолқа жайлы айтқан еді. Тағы да қайталап айтайық, жоғарыда атап өткеніміздей, ол қолқаның бұл қолқаға қатысы жоқ.

Марлен Әділов

Түркітану мамандығы бойынша PhD доктор

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы